БЕСАРЫҚ АУЫЛЫНДА ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫ ӨТТІ
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес бүгін Бесарық ауылдық округінде есеп беру жиыны өтті.
Есеп беру жиынына облыстық мәслихат депутаты Ж.Нұрымбетов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, бөлім, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Есеп беру жиынында Сырдария ауданының әкімі Ғ.Қазантаев 2018 жылы аудан бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
– Есепті кезеңде 16,4 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Тереңөзек кентінің А.Иманов және Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысындағы тұрғын үй кварталы құрылысы 2017 жылы басталып, 2018 жылы жалғасын тапқан болатын. 2018 жылдың қараша айында 3 қабатты 18 пәтерлі №3 тұрғын үй және 24 пәтерлі №4 тұрғын үйлердің құрылысы толығымен аяқталып, аудан тұрғындарына тұрғын үй кезегіне сәйкес 42 пәтер берілді. Дәл осындай құрылысты, яғни №1, №2 тұрғын үйлер құрылысын 2019 жылы республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсыныс берілді. Сонымен қатар, № 5, №6 үйлердің жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Бұл жобаны наурыз айында қаржыландыру үшін республикалық бюджетке ұсынып, қосымша 36 пәтер салынатын болады,- деген аудан басшысы жалпы алдағы уақытта 78 пәтер пайдалануға берілетінін айтты.
Есепті кезеңде жүзеге асырылған жұмыстар туралы кеңінен айтып өткен аудан басшысы жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 18,0 пайызға артқанын жеткізді. Алда тұрған мақсат-міндеттерге тоқталып, жоспарлы жұмыстарды бірлесе атқару қажеттігін атап өтті.
Есеп беру жиыны барысында Бесарық ауылдық округінің әкімі Н.Жүсіпова, Бесарық ауылдық учаскелік полиция инспекторы Е.Бекмағамбетов есепті мерзімде атқарған жұмыстарының есебін берді.
Негізгі баяндамалар тыңдалғаннан кейін аудан басшысы ағымдағы жылы ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ерекше басымдық берілетінін атап өтті.
Айта кету керек, Бесарық ауылында 2330 тұрғын тұрады. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 1064 адамды құрайды. Ауылда орта мектеп, балабақша, емхана, ауылдық мәдениет үйі, кітапхана және «Қазпошта» бөлімшесі халыққа қызмет көрсетеді. 15 тыл ардагері, 182 зейнеткер, 31 «Алтын алқа» және 41 «Күміс алқа» иегерлері бар.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір 2