Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаруашылықтың жаңарған тынысы

Шаруашылықтың жаңарған тынысы

Бүгін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев серіктестіктің ағымдағы жұмысымен танысты. Елді мекенге арнайы келген аудан басшысы шаруашылықтың тың бастамаларына оң бағасын берді.

Аудан әкімі алдымен еңбек ардагерлеріне арналған мәдени-демалыс орталығын көрді. Сауықтыру кешенінде үстел теннисі, шахмат және бильярд ойындарына арналған арнайы кабинеттер мен еңбек мұражайы ашылған. Ескі әуез мектебін қайта жөндеуден өткізген серіктестік бұл нысанға 5 миллион теңге қаржы құйған.

Мұнан соң аудан басшысы ұн диірменіне атбасын бұрды. Тәулігіне 3 тонна ұн және ұн жемін өндіретін диірмен жұмысын алдағы уақытта кеңейту жоспары тұрғанын жеткізген шаруашылық директоры Жеңісбек Шәкімбайұлы, сапалы ұн сортын шығаруды көздеп отыр. Аудан әкімі шаруашылық директорына кәсіпорынның өндірісін дамыту бойынша тиісті тапсырма жүктеді.

Мұрат Нәлхожаұлының шаруашылыққа келген арнайы сапары «Қожабек бағында» жалғасты. Мұнда тұрғындарға қажетті бақша дақылдарымен қатар алманың 600 түп ағашы өнім беруде. Алманың жазғы және күзгі сорттарын жинауға дайын бақ 1996 жылы ашылған. Алғашында алма жемісінің 2000 түбі орналыстырып, оны ауыл халқы тұтынып келген. Кейіннен қараусыз қалған бақтың жұмысы ағымдағы жылдан бастап қайта жандануда. Мұнда серіктестік үш адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.

Сонымен қатар аудан басшысы тәулігіне 800 дана нан дайындайтын наубайхана жұмысымен танысты. Оның ішінде 500 дана бөлке нан және 300 дана тоқаштардың 3 түрін дайындайды. Төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтыған нысан елді мекенді екі мезгіл ыстық нанмен қамтып отыр.

- Тұрғындар сұранысы жоғары. Алдағы уақытта нанның тағы бірнеше түрін нарыққа қосамыз. Әзірге бөлке нан мен тәтті тоқаштың екі түрін сұранысқа сәйкес орындаудамыз. Кәсіпорынды кеңейту жоспары тұр,- деді наубайхана меңгерушісі Мирамкүл Қалдыбаева.

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың сапары жылыжай кешенімен қорытындыланды. 2020 жылдан бері қиярды тамшылатып суару әдісімен өсіретін кешен 3 мың тоннаға дейін өнім беруге қуатты. Жылыжай жұмысын баяндаған бас экономист Рүстем Сматов көкөністің қысқа арналған түрін орналастыруды бастайтынын жеткізді.
04 қыркүйек 2021 ж. 236 0