Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдарда кәсіпкерлік дамыса, аудан экономикасы артады

Ауылдарда кәсіпкерлік дамыса, аудан экономикасы артады

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарына арнайы барып, кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Аудан басшысы Айдарлы ауылындағы «Жан-Арай» құс қожалығының төрағасы Берік Кәдіковпен, «Қалдыбек» құс шаруа қожалығының төрағасы Қалдыбек Сейілхановпен кездесіп, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды талқылады. Кәсіпкерлер аудан әкіміне өз кәсіптерін кеңейту үшін ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, олар бақша дақылдарын көбейтуді, тары өсіруді брендке айналдыруды қолға алмақ. Ол үшін жер, аяқ су мәселелері шешімін табуы тиіс. Бұл тұрғыда, аудан әкімі М.Ергешбаев шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетілетінін, мәселелерді шешу жұмыстары жүргізілетінін атап айтты.

Мұнан соң аудан басшысы Жетікөл ауылындағы «Бәйімбет» каналын тазарту жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда каналдың 3 шақырымына тазарту жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстар толығымен аяқталғанда келер жылы көктемде 250 га жерге жоңышқа, 30 га жерге көкөніс дақылдарын орналастыру мүмкіндігі болады. Сондай-ақ, аудан әкімі балық шаруашылығын дамытуға байланысты елді мекендегі «Мақпал көл» көлін көрді. Кәсіпкер Мұхтар Көзейбаев осы көл арқылы балық шаруашылығын дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Ауданға қарасты Аманкелді ауылында аудан әкімі жеке кәсіпкер Жұмабек Мейрмановпен кездесті. Кәсіпкер «Түрікмен аруанасы» түйе басын көбейтіп, ет және шұбат өнімдерімен Қызылорда қаласы мен ауыл тұрғындарын қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, аудан басшысы елді мекендегі «Шұғыла» шаруа қожалығының жылқы малын бордақылау бағытындағы жұмыстарымен танысты. Шаруашылық төрағасы Бекзада Сейдалиев мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өз кәсібін дөңгелетуде. Аудан әкімімен кездесуде аманкелділік кәсіпкерлер төрт түлік мал азығына және жайылымдық жерлерге субсидия алу жөнінде ұсыныстарын айтты. Аудан әкімі бұған қатысты мәселе көтерілетінін жеткізді.

Ауылға сапары барысында аудан әкімі «Шопан ата» сауықтыру-оңалту орталығында сапалы су шығару жобасымен танысты.

Ауылдарға сапары барысында аудан әкімі М.Ергешбаев елді мекендерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне баса назар аударды. Аудан басшысы ауылдардағы кездесулерде кәсіпкерлік дамыса, ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуі қарқынды болатынын атап өтті.

25 тамыз 2021 ж. 297 0