Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі аудандық мәслихат депутаттары алдында есеп берді

Аудан әкімі аудандық мәслихат депутаттары алдында есеп берді

Бүгін аудандық мәслихаттың кезекті VIII сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім басшылары, аудан әкімдігі мен мәслихаттың жауапты қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессия отырысының күн тәртібіне енген мәселелердің негізгісі аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөніндегі есебі болды.

Сонымен қатар, «2021-2023 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №468 шешіміне өзгерістер енгізу; «Сырдария ауданы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы аудандық комиссиның құрамын бекіту туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2020 жылғы 16 сәуірдегі №404 шешіміне өзгерістер енгізу туралы; «Сырдария аудандық учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2019 жылғы 10 қаңтардағы №273 шешіміне өзгерістер енгізу туралы; «Қоғамдық кеңес құрамын бекіту туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2019 жылғы 22 ақпандағы №291 шешіміне өзгерістер енгізу туралы; «Сырдария аудандық мәслихат аппараты » мемлекеттік мекемесінің штаттық құрылымын бекіту туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2016 жылғы 29 ақпандағы №385 шешіміне өзгерістер енгізу туралы; «Сырдария аудандық мәслихатының Регламентін бекіту туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2016 жылғы 29 шілдедегі №37 шешіміне өзгерістер енгізу туралы; «Сырдария аудандық мәслихат аппараты » мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы Сырдария аудандық мәслихатының 2016 жылғы 29 шілдедегі №36 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер талқыланды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев баяндамасында 2021 жылдың 6 айында аудан экономикасының әр саласында жүзеге асырылған жұмыстар мен алдағы негізгі жоспарларға тоқталды.

Атап айтар болсақ, 2021 жылға аудан бюджетінің көлемі – 12,3 млрд. теңге болып нақтыланды. Бюджеттің негізгі шығындары, яғни 64,1 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған.

Ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарында өнім өндіру өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 48,3 пайызға (4,5 млрд. теңге), оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 53,8 пайызға артып отыр.

Есепті кезеңде экономикасына 13 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылып, 1,0 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды. 9 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 15,2 пайызға өсті.

2021 жылдың 1 тамызына ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға ұлғайды.

Биылғы жылы ауданымызда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 32 мың 567 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде, негізгі дақыл күріш – 20 мың 542 гектар құрайды.

Ауданда мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. 2021 жылдың 7 айындағы көрсеткіштерді өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 4 пайызға, жылқы 16,5 пайызға, түйе 15,4 пайызға көбейген.

Ағымдағы жылы «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 7 шаруашылық құрылымдары «Сырдария 1» кредиттік серіктестігі арқылы 243,5 млн. теңге несиеге 610 бас аналық жылқы, «Іскер» бағдарламасы бойынша 4 шаруашылық құрылымы 32,9 млн. теңге несиеге 12 бас аналық жылқы, 7 бас аналық түйе, 42 бас ара ұясын алуға несие алды.

Биылғы жылдың 7 айында Сырдария ауданында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 2 млрд. теңгеге жуық 315 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп, жаңадан 324 жұмыс орындары ашылды.
«Қызылорда облысының 2021-2023 жылға дейінгі экономикалық даму» жоспары шеңберінде Сырдария ауданы бойынша барлығы 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланды.

Биыл 15 жобаны іске қосу жоспарланса, бүгінгі күнге 10 жоба іске қосылып, 52 жұмыс орны ашылды.
2021 жылы республикалық бюджеттен 11 елді мекенде 33 тұрғын үй құрылысын жалғастыру және аз қамтылған көпбалалы отбасыларына 10 тұрғын-жайын сатып алуға қаржы бөлініп отыр.

Сырдария ауданында жолдарды жөндеу жоспарға сәйкес орындалуда. Биыл аудан бойынша автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 888 млн. теңге бөлінді.

Аудандық бюджеттен елді мекендердегі тозығы жеткен трансформаторларды жаңалау үшін 25,8 млн. теңге бөлініп, «Кентау трансформатор зауыты» серіктестігімен 10 дана трансформатор сатып алуға келісім-шарт жасалды.

Аудандық мәслихат сессиясында алғашқы жарты жылдықтағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берген аудан басшысы алда тұрған міндеттер мен жоспарлар жөнінде жан-жақты баяндады.

Сессия отырысында көтерілген өзге де мәселелер жайында хабарламашылар тыңдалып, аудандық мәслихат депуттары тарапынан оң шешім тапты.
02 қыркүйек 2021 ж. 366 0