Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұржан БИСЕМБАЕВ, Тереңөзек кентінің әкімі: Табиғи газдың берілуі – Тәуелсіздіктің теңдессіз сыйы

Нұржан БИСЕМБАЕВ, Тереңөзек кентінің әкімі: Табиғи газдың берілуі – Тәуелсіздіктің теңдессіз сыйы

Биыл ел Тәуелсіздігінің ме­рей­лі отыз жылдығы. Бұл қас­терлі дата елімізге саяси және әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан түбегейлі өзге­ріс­­тер әкелгені дәлелдеуді қа­жет етпейді. Тәуелсіздік ең­сесін тік­теген сайын ел аумақ­тарының да ажары ашыла түсті. Соның бірі – Сырдария ауданы екені даусыз. Іргелі аудан осы аралықта даму белесінен өтіп, көптеген жетістіктерге жетті. Оның дәлелі аудан орталығы саналатын Тереңөзек кентінен көруге болады.

Мерейлі белестегі жетістіктердің барлығын тізбей-ақ, аудан орталығының көгілдір отынға қосылғанының өзі – егемендіктің зор жетістігі екені айқын. Осы бір ғана мысалдың өзінен тұғырлы Тәуелсіздіктің сырдариялықтарға құт әкелгенін аңғару қиын емес. Осы ретте, арайлы азаттықтың жетістігі болған газдандыру жұмыстарының барысы туралы толық айтып өтуді жөн көрдік.

Бүгінде қоғам өркендеудің қарышты кезеңдерінен өтіп жатыр. Ақпараттық қоғам қарқынды дамып, адамдардың да өмір сүру дең­гейі әлдеқайда жоғарылады. Соған байланысты жақсы ортада өмір сүру үшін адамзат ба­ласының қажеттіліктері де көбейді. Оның ішінде, сапалы ауыз су, тегіс жол, көгілдір отынды тұтыну және тағы басқа да қажеттіліктер ең алдыңғы орында тұрады. Осыған орай, сырдариялықтар да өркениетке ұмтылып, аудан халқының қажеттіліктері кезең-кезеңімен қамтамасыз етіліп келеді. Аудан орталығы саналатын Тереңөзек кентіндегі көшелер жоспар бойынша реттілігімен асфальтталлып, тұрғындар тәулік бойына сапалы ауыз су тұтынуда. Түнгі жарықтандыру, көше таза­лығын сақтау, кентті гүлдендіру, абаттандыру жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Енді өткен жылдан бастап тереңөзектіктер көгілдір отынның игілігін көріп, табиғи газды тұтынып отыр. Бұл кент тұрғындарының, жалпы аудан халқының көптен күткен арманы еді.

Жалпы, аудан орталығын газдандыру жұ­мыстары 2019-2020 жылдары жүзеге асырылды. Жобаның құны – 2 152,9 млн теңге. Жоспарланған екі жылдың алғашқысында жоғарғы қысымдағы газ құбыры мен №2,3,6 учаскелердегі орта қысымдағы газ құбырлары жүргізілген. Ал 2020 жылы №1, 4, 5 орта қысымдағы газ құбырлары мен 2162 тұрғын жайларға арналған 1497 дана газды басқару шкафтар орнатылған. Жалпы айтқанда, жоба бойынша 11,5 шақырым жоғарғы қысымдағы, 85,2 шақырым орташа қысымдағы жерасты газ құбырлары жүргізілді. 6 дана жоғарғы қысымнан орташа қысымға түсіретін «Газды реттеу пункті» және тұрғын үйлерге 1497 «Газды реттеу шкафтар» орнатылды. Оның ішінде, 1 абоненттік 832 дана, 2 абоненттік 665 дана, барлығы 2162 нүкте бар.

Екі жылға жоспарланған жұмыстар толы­ғы­мен аяқталып, 2021 жылдың 1 ақпа­нында Тереңөзек кентіне көгілдір отын пайдалануға берілді. Оған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқа­лықова арнайы қатысып, терең­өзек­тіктердің қуанышына ортақтасты.

– Кент орталығына қосылып жатқан алау отынымыз, көгілдір газ әр отбасына өзінің жылылығымен келе берсін. Әлемді шарпыған дағдарысқа қарамастан әлеуметтік маңызы бар құрылыс, газдандыру секілді күрделі бас­тамаларды кейінге қалдырмай, іске асырып келеміз. Өткен жылы Арал ауданындағы Жақсықылыш, Қазалы ауданындағы Мұрат­баев және Шиелі ауданындағы Байсын елді мекендері газға қосылды. Нәтижесінде, қазіргі таңда облыс тұрғындарының 65 па­йызы табиғи газға қол жеткізіп отыр. Аудан орталықтарын толық газдандырғаннан кейін облыстағы елді мекендерге көгілдір отын жеткізу жоспарымызда бар. Бұл – бір ауданның ғана емес, облыстың қуанышы. Әр отбасынан жылу кетпесін, Отанымыздың қуаты арта берсін, – деді аймақ басшысы.

Кент орталығы табиғи газға қосылғаннан кейін оны күтіп-ұстау жұмыстарымен айналысатын «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мекемесінің теңгеріміне өткізу жұмыстары атқарылды. Аталған мекеменің Тереңөзек кентіндегі учаскесі ашылып, бүгінгі күнде 12 маман қызмет көрсетуде. Олардың негізгі қызметі тұрғын үйлерге, ғимараттарға газды қосуға рұқсат беру, газ құбырлары мен қондырғыларын күтіп-ұстау және авариялық қызмет болып табылады. Жалпы, газдандыру жұмыстарының барлығы аталмыш мекеме арқылы жүзеге асырылады.

Ал аудан орталығында бүгінде 6 мердігер мекеме өз қызметін халыққа ұсынуда. Олар монтаждау жұмыстарын екі жұмыс күні ішінде әзірлейді. Монтаждау жұмыстары барысында дәнекерлеу жұмыстары сапалы жүргізілмеген немесе газ қондырғылары орнатылатын бөлме құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келмеген жағдайда кемшіліктер жойылғанша тұрғын үйге газ қосудан бас тартылады.
Қазіргі таңда Тереңөзек кенті бойынша 632 тұрғын жай көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Одан бөлек кентте 9 әлеуметтік нысанның жылыту қазандықтары газға лайық­тандырылып, көгілдір отынмен жылытылады. Ал газға қосу жұмыстарына кент тұрғындарынан 834 өтініш түсіп отыр. Осы ретте, кент тұрғындары атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көріп, көгіл­дір отынның игілігін көруі қажет.

Жалпы, қазіргі мезгіл құрылыс науқаны саналады. Осындай шақта «қыстың қамын жаз ойлап», тұрғын үйге табиғи газ орнатып алған абзал. Өйткені, күзде күн суыған кезде мердігер мекемелерге «газ орнатып беріңіздер» деп жұртшылық ағылады. Сол уақыттарда олардың да жұмысы қызып, кезек күтіп қалуы ғажап емес. Сондықтан ерте қамданған қыста қапы қалмайтыны анық. Оның үстіне, қазір мердігер мекемелер түрлі жеңілдіктерді қарастырып отыр. Бөліп төлеу, несие арқылы газ орнату мүмкіндіктерін құр жіберіп алмаған дұрыс.

– Өзім аудан орталығындағы Р.Алшынбаев көшесінде тұрамын. «Кентке газ келеді» дегенде алғаш қуанғандардың бірімін. Өткен жылдары газ құбырлары жүргізілгенде үйді көгілдір отынға қосуға дайындалдық. Монтаждау жұмыстарын жасап, табиғи газ пешін әкеліп қойдық. Содан аудан орталығына көгілдір отын беріліп, «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің Тереңөзек кенті учаскесі мамандары газды қосып берді. Содан бері біз көгілдір отынның игілігін көріп отырмыз. Қыста үйіміз жылы болып, тұрмыста да көгілдір отынды қолданып отырмыз. Тұрғындарға мұндай жағдайдың жасалғаны қуантады.

Ақылбек Асқаров,
Тереңөзек кентінің тұрғыны.

– Әркім жақсы өмір сүргенді қалайды. Соған орай мұқтаждықтары да қамтылса, өмір сүру деңгейіміз тіпті жақсаратыны белгілі. Осы тұста, аудан орталығына газ келгені өте қуанышты. Осыған дейін қыс жақындаған сайын отын, көмірді алып қамдана бастаймыз. Оның өзінде мәселелер туындайтын. Ал Тереңөзек кенті көгілдір отынға қосылғалы оның игілігін көріп отырмыз. Бұрынғыдай тұрмысқа газ балонмен газ тасымаймыз, қыста да көп қиналмаймыз. Осындай игілікті іске атсалысқан жандарға ризашылығымды білдіремін.

Марат Сейіл,
Тереңөзек кентінің тұрғыны.

Қазір өмір сүру деңгейіміз жақсарып келе жатыр. Бұрындары отын, су тасып, әбігерге түсетін едік. Қазір ол күндер алыс, су үйге келіп тұр. Үйіміз де бір жерден жылытылады. Енді отын тасып та әуре болмаймыз. Өйткені, биылдан бастап көгілдір отынның игілігін көріп келе жатырмыз. Бұрынғыдай көмір жағып, жылуды үзбей ұстап отыру керек деп еш уайымдамайтын болдық. Газды бір температураға қойып, сол арқылы үйіміз жып-жылы болып тұрады. Ең бастысы, жасалып жатқан жағдайға ризамыз. Кентіміз көркейіп, гүлдене берсін.

Берік АСЫЛБЕКОВ,
Тереңөзек кентінің тұрғыны.



Нұржан БИСЕМБАЕВ,
Тереңөзек кентінің әкімі
21 тамыз 2021 ж. 457 0