ЕЛ ЕҢСЕСІ - ЕГЕМЕНДІК
Биыл тұғырлы Тәуелсіздікке 27 жыл. Иә, егемендікке қол жеткізіп, бейбіт елде өмір сүріп жатқанымызға ширек ғасырдан аса уақыт болды. Осы мерзімде бірлігі жарасқан іргелі Қазақстан болашаққа айқын бағдармен дамуға бет алды. «Мәңгілік Ел» идеясына топтасқан халық егемендік жылдарында толассыз табысқа жетіп, тұғырлы елдер қатарына енді. Бағынбастай көрінген асуларға шығып, мызғымас бірлігімен, тұрақты татулығымен төрткүл дүниеге танылды. Түптеп келгенде, мұның бәрі қазаққа ғажап құт болған азаттықтың арқасында жеткен жетістіктер.
«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда Тәуелсіздік қадірін әркім білуі қажет. Сол үшін де оған зор жауапкершілікпен қарап, мерейлі мерекеде ұлылығын ұғынуы тиіс. Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында осы бір ел егемендігінің еңселі, ең қастерлі құндылық екені дәріптелді. «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік» атты мерекелік салтанатта Мемлекеттік Туға теңелген жұртшылықтың қолын кеуде тұсына қойып, Мемлекеттік Гимнді шырқағандағысы осыған дәлел болса керек-ті.
Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шарада мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант берді. А.Бекзадаева мен Н.Бәйкен ел алдында мемлекеттің басты құндылықтарын қастерлей отырып, мемлекеттік істе халыққа қалтқысыз қызмет қылатынына серт етті. Одан кейін сырдариялықтарды аудан әкімі Ғ.Қазантаев ұлық мерекемен құттықтады.
– Тәуелсіздік – Тәңірдің біздің ұрпаққа берген бақыты, ата-бабаларымыздың аманаты. Біздің бүгінгі күнге дейін жеткен барлық жетістіктерімізге – Тәуелсіздіктің арқасында жеттік. Ел егемендігі кезеңінде халықтың әл-ауқаты көтерілді. Төл мәдениетімізді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасадық. Білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, тұрғын үймен қамтамасыз ету салалары да жаңа сипаттағы қарқынмен дамып келеді. Көптеген жасампаз жұмыстар атқарылды. Баршаңызды тұғырлы Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын, – деді аудан басшысы.
Құттықтаудан соң аудан басшысы ел дамуына, оның ішінде ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттады. Атап айтқанда, Сырдария ауданының 90 жылдық мерекелік медалімен Ә.Сырлыбаев, Ә.Шербатшаев, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Орталық сайлау комиссиясын сайлау туралы» Қаулысының 25 жылдығына орай «Алғыс хатпен» С.Сәдуақасов, Қ.Омаров және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» бірқатар мамандар марапатталды.
Салтанатты жиынға аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының орынбасары Е.Жақып қатысты. Ауданның көркемөнерпаздары ел Тәуелсіздігі жарияланған күн туралы қойылым қойды. Әннен шашу шашып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Е.БЕРКІНБАЕВ