Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоржын толған қолалар...

Қоржын толған қолалар...

Әне-міне дегенше төрткүл әлем көз тіккен Токио олимпиадасы да аяқталды. Төртжылдықтың байрақты бәсекесіне әлемнің 206 мемлекетінен 12 мыңнан ас­там спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапында 97 спортшы спорттың 28 түрінен бақ сынап, оның 8-і қола медаль иеленді. Биылғы олимпиаданың ел тарихындағы ерекшелігі сол, спортшылар қоржынға алтын мен күміс медаль салған жоқ.

Олимпиаданың алғашқы күнінен бастап спортсүйер қауым ел саң­лақтарынан зор үміт күтті. Әсіресе, зіл темір көтерушілер мен боксшыларға артылған сенім жоғары болды. Үміт пен сенім ұштасқан ұйқысыз күндер мен түндер қорытындысында қоржынымыз қолаға толды. Алғашқы қола медальды қоржынға салған дзюдошы Елдос Сметовтен соң қазақстандық спортшылар бірінен соң бірі қола медаль иеленіп, алтын мен күміс күткен жанкүйерлерді қуанта алмады.

Бұл – ел спортшыларының қатысуымен өткен Жазғы Олимпиа­да ойындарының тарихындағы ең төменгі нәтиже. Бірақ, әлемнің ең мықты спортшылары бас қосқан бәсекеде үздік үштікке ілігудің өзі оңай емес. Алайда, командалық есепте 83-орынды місе тұтқанымыз қуантарлық көрсеткіш емес.

Байрағымызды көкке көтерген Елдос Сметовтен бөлек Олимпиада ойындарының жүлдегерлері қатарын­да ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов, палуан Нұрислам Санаев және каратэші Дархан Асаділов пен Софья Берульцева бар. Жартылай финалдан әрі аса алмаған спортшылардың бапкерлері спортшылар алтынға қол жеткізу үшін барын салғанын айтады. Жерлесіміз Қ.Қоңқабаев та ағынан жарылып, әлеу­меттік желі арқылы өз пікірімен бөлісті.
– Осыдан 15 жыл бұрын бокс­ты бастағандағы арманым – Олим­пиадаға барып ел абыройын асқақ­тату еді. Мінекей, көзді ашып жұмғанша, дем арасында уақыт өтті де кетті. Осы жылдар аралығында қаншама еңбек, қан мен тер төгіліп, жеңістер мен жеңілістер болды. Токио олимпиадасына келіп қола медальдан алқа тағып тұрмын, тәуба. Аса ауыр салмақта Қазақстан тарихын жаңарту бұйырмапты, бірақ туған жерім Сыр елінің тарихына енуді нәсіп еткен Аллаға сансыз шүкір. Осы жетістігіме себепші болған барша жандарға алғыс айт­қым келеді. Бұл – ортақ жеңіс. Әлі талай жеңістеріммен Қазақ елін қуантамын деп сенемін. Баршаларыңыздың қолдау­лары­ң­ызға рақмет. Бірге әлі талай бе­лес­терді бағындырамыз, – дейді Қамшыбек Қоңқабаев.

Биылғы Олимпиаданың тағы бір ерекшелігі, короновирус інде­тіне байланысты шектеулер мен қатаң талаптар көп болды. Қауіпті дерт таралмас үшін барлық жарыстар көрерменсіз өтті. Тіпті Олимпиаданың ашылу мен жабылу салтанаты да карантин талаптары қатаң сақталып ұйым­дастырылды. Жарыс десе делебесі қозатын, ұрандап рух пен күш-жігер беретін жанкүйерлердің бол­­мауы да спортшылардың биік белесті бағындыруына кері әсер еткені жасырын емес. Алайда, алтын тұрмақ күміс те көзден бұлбұл ұшқан бәсекедегі сәтсіздікті сылтау мен ақталу арқылы жуып-шая алмаймыз. Кеткен қателіктер таразыға салынып, талқыланары анық. Ең өкініштісі, уақыттың кері айналмайтынында. Ендігі үміт паралимпиадашыларда екені анық. Ақордада өткен жиында Ел Президенті табандылық пен кәсіби дайындығын көрсете білген әр паралимиадашыны қазірдің өзінде жеңімпаз санайтынын жеткізді.

– Әлемдегі жүз мыңдаған спортшының арасынан үздік шы­ғып, осы ойындарға жолдама алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сіздер бұған табанды­лық пен кәсіби дайындықтың арқасын­да қол жеткізуге болатынын дәлелдедіңіздер. Демек, әрбір па­ра спортшымызды қа­зірдің өзін­де жеңімпаз деуге болады. Өздеріңізді барша отандасымыз мақ­тан тұтады. Еліміз бойынша 20 мыңға жуық азамат пара спорт түрімен жүйелі түрде айналысады. Соның ішінде 500 спортшы ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Біз паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту үшін қа­жетті жағдайды жасай береміз. Қазір өңірлерде 16 арнайы клуб пен мектеп жұмыс істейді. Осы ретте, Нұр-Сұлтан қаласында 2018 жылы ашылған Паралимпиадалық жаттығу орталығын ерекше атап өткен жөн. Заман талабына сай жабдықталған мұндай орталық АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея елдерімен қатар біздің елордамызда да бар. Спорт саласы барлық азаматымыз үшін бірдей қолжетімді болуға тиіс. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалып­тастыру мемлекет міндеті екенін баса айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қорыта айтқанда, 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өткен Олимпиаданың қорытындысында жалпы есеп бойынша АҚШ (39+41+33) құрамасы бірінші, Қы­тай спортшылары екінші (38+32+18), Жапония үшінші (27+14+17) орын алды. Келесі XXXIII жазғы Олимпиада 2024 жы­лы Франция астанасы Парижде ұйым­дастырылады.



А.СЕЙІЛОВ
10 тамыз 2021 ж. 342 0