Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан қоржынында жеті қола

Қазақстан қоржынында жеті қола

Қазақ спортшылары осы күнге дейінгі жазғы Олимпиада ойындарынан барлығы 64 медаль иеленген. Оның 15-і алтын, 21-і күміс, қалғаны қола медаль.

Биылғы «Токио-2020» жазуымен өткізіліп жатқан жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандықтар қола медальдар қатарын көбейтіп отыр. Бүгінгі есеп бойынша қазақ спортшыларының қоржынында 7 қола медаль бар. Биыл дзюдодан Елдос Сметов, ауыр атлетикадан Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, бокстан Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов, еркін күрестен Нұрислам Санаевтар ел мерейін үстем етсе, каратэші Дархан Асәділов Олимпиаданың жартылай финалында сайысқа түсіп, жетінші қоланы қоржынға салды.

ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарын­да Қызылорда облысынан бокстан Қамшыбек Қоңқабев пен еркін күрестен Дәулет Нияз­беков, каратэ-додан Мөлдір Жаңбырбай ел намысын қорғаған болатын. Олардың ішінде Қамшыбек намысын қамшылап, қоржынға бір қола медаль қосса, Мөлдір «В» тобында үздік ойын өрнегін көр­сеткенімен, жартылай финалға өте алмады. Ал жерлесіміз Дәулет Ниязбеков күні кеше бозкілемде бақ сынап, ширек финалда әзербайжандық Гаджи Әлиевтен ұтылып қалған болатын. Бірақ, Гаджи Әлиев жартылай финалда үндістандық Баджранг Баджрангты 12:5 есебімен ұтып, финалға жолдама алды. Сондықтан біздің жерлесіміз қола медаль үшін жұбаныш белдесуін өткізеді.

«Біткен іске сыншы көп, Піскен асқа жеуші көп» деген. Көгілдір экранға телмірген көпшілік үйде оты­рып тақым қысып отырғаны да бар. Спортшыларымыз жат елде күллі қазақтың намысын қорғап, көк туды көкте желбірету үшін жан салып жатқаны анық. Қазақстан бокстан Олимпиадада 1996 жылдан бері алтынсыз оралған емес. Сол дәстүр бойынша халық биыл да үлкен үміт күткен еді. Десек те, бұл да жаман көрсеткіш емес.
Айта кетейік, 23 шілде күні басталып спортсүйер қауымды елеңдеткен ойындар ертең аяқталады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
07 тамыз 2021 ж. 362 0