Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Вакцина қабылдап, сыйлыққа ие болды

Вакцина қабылдап, сыйлыққа ие болды

Аудан көлемінде қауіпті індетке қарсы екпе алушылар көбейген. Оның ішінде, егде жастағылар мен диспансерік есепте тұратын ем алушылар саны артуда.

Құрбан айт мерекесінде диспансерлік есептегі науқас, аудан тұрғыны Шаштыгүл Меңлібаева қоғам саулығы үшін маңызды науқанға бей-жай қарамады. Ол ерікті түрде екпе алуға ауруханаға келген болатын. Зейнеткер әуелі медициналық тексеруден өтіп, дәрігер кеңесін алды. Содан кейін ақ жаулықты ана «Спутник V» вакцинасын қабылдады.

Бүгінде аудандық аурухана қызметкерлері әрбір науқастың денсаулығын бақылау мақ­сатында үй жағдайында қабылдау жүргізуде. Вакцинадан кейін зейнеткерлердің ағзасында ешқандай теріс әсер байқалмағандығына көз жеткізуде. Мәселен, аудандық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Үмбігүлсім Жанақұлова Шаштыгүл Меңлібаеваның денсаулығын жіті бақылады. Өз кезегінде аудандық аурухана әкімшілігі тарапынан ұсынылған ынталандыру сыйлығын табыстады.

– Қазіргі таңда індеттің жұғу көрсеткіші елімізде көбейіп келеді. Коронавирус инфекция­сы созылмалы дерті бар кісілерге орасан қауіп төндіреді. Сондықтан вакцина қабылдау – дұрыс шешім. Ең алдымен, жақындарымызға жанашыр болып, саулық – сақтықта екенін ұмытпайық. Аудан тұрғындарын белсенді түрде вакцина қабылдауға шақырамын, – дейді Үмбігүлсім Нұрлыбекқызы.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
27 шілде 2021 ж. 342 0