Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдарияда қанша адам вакцина салдырды?

Сырдарияда қанша адам вакцина салдырды?

Ауданда коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» екпесін салу жұмысы биылғы 9 наурызда басталған болатын. Ресейлік I, II типтік вакцинасының 200 дозасы жеткізіліп, алдымен аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасары бастап ерікті түрде екпе салдырды. Одан кейін медицина қызметкерлеріне вакцина салу жұмыстары жүрді. Бүгінде І типтік екпенің 100 дозасы толығымен салынып бітті.

Вакциналау жұмыстарына аудандық аурухананың арнайы егу бөлмелерінде 6 дәрігер, 4 мейірбике тартылған. Ереже бойынша медицина қызметкерлері екпе салмас бұрын әрбір адамның денсаулығын тексеріп алған. Ал екпе салынған соң жарты сағат бойы бақылау жүргізген.

– Күнделікті науқастармен тығыз жұмыс істейтін болған соң вакцина салдырдым. Алдымен денсаулығымызды тексеріп, содан кейін екпе екті. Одан кейін күту залында жарты сағат бақылауға алды. Негізі осы уақыттың ішінде адамға кері ықпалы болуы тиіс. Ал өзімде және менімен қатар салдырған медицина қызметкерлерінде екпенің теріс әсері болған жоқ. Қауіпті індеттен құтылудың бірден-бір жолы екпе салдыру екенін білеміз. Сондықтан вакцина салдырып, өз денсаулығымызға жауапкершілік таныттық, – дейді дәрігер Қайрат Ерманов.

Жалпы, ауданда І типтік екпе жұмыстары медицина саласының қызметкерлеріне, оның ішінде қабылдау, жұқпалы аурулар бөлімінің, жансақтау және хирургиялық бөлім қызметкерлеріне жүргізілді. Енді алда наурыздың 30-ы күні  ІІ типтік вакцина егу жұмыстары жүргізіледі.

Е.БЕРКІНБАЕВ
16 наурыз 2021 ж. 826 0