Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр әуендері әуеледі

Сыр әуендері әуеледі

Аудандық мәдениет үйінде композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Р.Тайманов атындағы «Сыр әуендері» атты облыстық саз­герлер байқауы өтті. Байқау ережесі бойынша облыс аудандары мен Қызылорда қа­ласынан 31 сазгер­ден 51 ән қабылданып, оның ішінде балалар тақы­рыбында 24 ән, еркін та­қырыпта 27 ән байқауға қатысты.
Байқауға қатысқан әндер аудандық мәдениет үйінде жабық түрде тыңдалып, оған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ор­денінің иегері, композитор Р.Тайманов бастаған мәдениет сала­сының майталмандары қазылық етті. Қазылар құрамында композитор С.Ұлықпанұлы, мәдениет және білім саласының ардагерлері С.Сәдуақасов, Ж.Айсин және облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының бөлім меңгерушісі Б.Есмурзаева болды.
Облыстық байқаудың қорытындысы бойынша үздік деп танылған 11 ән іріктеліп, жеңімпаздар анықталды. Балалар тақырыбы бойынша жүлделі бірінші орынды сырдариялық Шынар Ізбасқанова иеленді. Екінші орынды Қызылорда қаласының намысын қорғаған Ұлбосын Жанәлиева еншілесе, үшінші орынға екі қатысушы лайық деп танылды. Олар – қызылордалық Ләйлә Сүйінбаева мен Жарылқасын Оразғұлов.
Ал еркін тақырыпта өз әуендерін ұсынғандар арасынан бас жүл­де­ні қазалылық Жұмабек Жансапов иеленсе, бірінші орын жаңақорғандық Бақыт Бидашевқа бұйырды. Екінші орынды қазалылық Сәкен Кермеш пен шиелілік Нариман Мизамбаев иеленді. Таланттардың туындылары бірінен-бірі қалыспады. Сол себепті де үшінші орын үш бірдей байқау қатысушысына берілді. Олар жаңақорғандық Талап Тотаев, шиелілік Алмат Қалекеев және қазалылық Жібекәлі Бектұрған. Жүлдегерлерге арнайы диплом мен ақшалай сыйлық табыс етілді.
Жүлдегер әндердің онлайн концерті желтоқсанның 8-і күні облыстық мәдениет басқармасының «Сыр шаңырағы» «Youtube» желісінде және мәдени продюсерлік орталығы мен аудандық мәдениет үйінің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында көрсетіледі.
 
А.Қалиева
17 қазан 2020 ж. 524 0