«Жомарт жүрек» сыйлығының иегелері марапатталды
Бүгін аудандық мәдениет үйінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт Жүрек» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, марапат иелері және БАҚ өкілдері қатысты.
Құттықтау сөз алған аудан әкімінің орынбасары бұл беріліп отырған жоғары деңгейдегі сыйлықтың мән-маңызына тоқталып, елдік ұстанымдағы азаматтардың жомарттығын атап өтті.
– Біз қашанда үлкенін құрметтеп, кішіге ізет көрсеткен, ысырапшылдық пен қайырымдылықтың не екенін білетін халықтың өкіліміз. Сондықтан ел ішінде Атымтай Жомарт атанған азаматтар халықтың мұқтаждықтарын өтеуге қолдарынан келген көмегін көрсетуде. Қазіргідей жаһанның екінші бір жағындағы қауіпті кесел көз ілеспес жылдамдықпен қасымызға келген уақытта қайырымды жандардың қолдауы елге көп пайдасын тигізіп жатыр. Олардың игілікті істерін елі, халқы әрдайым мақтан етіп жүреді,- деген аудан әкімінің орынбасары жомарт жандарды 5 түрлі аталым бойынша марапаттады.
«Жомарт жүрек» сыйлығының «Жыл меценаты» номинациясымен жеке кәсіпкер Ғалымжан Маханғалиев, «Туған өлке» номинациясымен жеке кәсіпкер, №37 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Жұлдыз Бектібаева, «Жыл тұлғасы» номинациясымен «Жандос» шаруа қожалығының төрағасы Серік Арық, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен «Бесарық» ЖШС төрағасы Мақсат Биболатов және «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясымен Іңкәрдария ауылдық «Қоғамдық кеңес» мүшесі Алтынбек Ахметов марапатталды.
Барлық марапат иелеріне арнап, өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды.