Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Арнасын жыр кернеген Сырдария» атты аудиоантологияның тұсаукесер рәсімі өтті

«Арнасын жыр кернеген Сырдария» атты аудиоантологияның тұсаукесер рәсімі өтті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық құндылықтарды қастерлеу, оларды жинақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттау керектігі айтылған. Осыған орай жақында аудан әкімдігінің қолдауымен ауданнан шыққан танымал өнер иелерінің шығармашылығына арналған 8 бөлімнен тұратын «Арнасын жыр кернеген Сырдария» атты аудиоантологияның тұсаукесер рәсімі өтті. Санитарлық талаптарға сай ұйымдастырылған іс-шараға аудан ардагерлері, мәдениет майталмандары мен қызметкерлері және скайп желісі арқылы ауылдық округ әкімдері қатысты.

Салтанатты іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев Сырдария ауданы талай талантты тұлғаларға алтын бесік болғанын айтып, олардың өшпес туындыларын жинақтау мақсатында аудиоантология құрастырылғанын атады.

– Негізі, бұл идеяға ауданды басқарған Руслан Рүстемов бастамашылық жасап, жобаның жүзеге асуына ерекше ықпал етті. Жобаның бас продюсері – «Серпер» сыйлығының иегері, ақын Нұрмат Мансұр. Аудиодискіге Сырдария ауданынан шыққан тұлғалар жайлы аудиохабарлар жинағы, жазба ақындардың өлеңдерінің жинағынан аудиоантология, ауданнан шыққан күйшілердің шығармаларын жергілікті өнерпаздардың орындауындағы күйлердің және жыршы-термешілердің орындауындағы жыр-термелер топтамасы жинақталды. Сонымен қатар, ауданда өткізілген республикалық, облыстық айтыстардың және ауданнан шыққан композитор, сазгерлердің әндері мен елімізге танымал әншілердің аудиожазбасы енгізілді. Бұл аудан руханиятына қосылған құнды дүние, – деді аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев.

Шарада жобаның бас продюсері, айтыкер ақын Нұрмат Мансұр сөз сөйлеп, негізгі мақсат аудан мұрасын жинақтап, кейінгі толқынға дәріптеу екенін тілге тиек етті. Бұл жолда жеке архив қорлардан құнды дүниелерге қол жеткізіліп, оларды жинақтауда қажырлы еңбек жасалғанын айтты. Сондай-ақ, сөз кезегінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Рамазан Тайманов, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», Мәдениет саласының үздігі Алма Бақтиярова сөз алып, аудан мәдениетін, руханиятын дамытуда айтарлықтай жетістік бар екенін жеткізді.

Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы бастаған құрметті меймандар аудиоантологияның лентасын қиды.

Салтанатты іс-шара барысында жыл қорытындысы бойынша ауданның мәдениет саласында елеулі еңбек еткен сала ардагерлері Бүркітбай Мұстафаев, Жұмабай Байзақұлы аудан әкімінің Құттықтауымен және халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, облыстық ВИА байқауларының «Үздік соло» гитарист номинацисының иегері Серік Байдаулетов аудандық мәдениет үйінің жыл сайынғы ауыспалы түрде берілетін «Мәдениет саласының үздігі» номинациясымен марапатталды.

27 желтоқсан 2020 ж. 448 0