«Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары марапатталды
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – рухани кемелдену мен заманға сай толысудың қайнар көзі. Санаға сілкініс жасап, жаңа заманға сай жаңғыруды, бай мұрамызды түгендеп, ұлттық кодымызды сақтауды көздейтін мақала бірегейлікті ту етіп, бәсекеге қабілетті болуға үндейді. Оның ішінде «Атамекен» кіші бағдарламасы елге жанашыр болып жүрген Атымтай Жомарттарды дәріптеуге бағытталған. Осыған орай аудан әкімі Руслан Рүстемов «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын марапаттады.
«Атамекен» кіші бағдарламасының негізінде «Мектепке тағзым», «Өмір – баға жетпес сый», «Мейірім әуені», «Жомарт жүрек» акциялары өткізіліп, еліне жанашыр нағыз партиоттардың белсенділігі артуда. Осының ішінде «Жомарт жүрек» сыйлығы білім, ғылым, мәдениет, қоғам, медицина, спорт саласына қолдау көрсеткен азаматтарды, туған жері мен елін, ауыл-аймағын өркендетуге үлес қосып, қамқорлық танытып жүрген, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасаған жомарт жүректі жандарды, меценаттарды, бизнес-құрылым өкілдерін, ұйымдарды, еріктілерді елге танытуды көздейді. Сол арқылы мейірбандық көрсеткен азаматтар жыл сайын кұрметке бөленуде.
Салтанатты құттықтау рәсімінде аудан басшысы бағдарламалық мақаланың мән-маңызына тоқталып, елдік ұстанымдағы азаматтардың жомарттығын атап өтті.
– Әлем жаһандануға бара жатқан сәтте алдымызға үлкен міндет қойдық. Яғни, өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық кодымызды, ұлттық менталитетімізді жоғалтып алмау үшін кемел келешекке айқын бағдармен жол салдық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы осы құндылықтарымызды түгендеуге негіз болып отыр. Біз қашанда үлкенін құрметтеп, кішіге ізет көрсеткен, ысырапшылдық пен қайырымдылықтың не екенін білетін халықтың өкіліміз. Сондықтан ел ішінде Атымтай Жомарт атанған азаматтар халықтың мұқтаждықтарын өтеуге қолдарынан келген көмегін көрсетуде. Қазіргідей жаһанның екінші бір жағындағы қауіпті кесел көз ілеспес жылдамдықпен қасымызға келген уақытта қайырымды жандардың қолдауы елге көп пайдасын тигізіп жатыр. Ауданда жұмыс істейтін ірі компаниялардан бөлек, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында туған жерін абаттандырып, гүлдендіруге көп күш салып, өзге де қайырымдылық істерге қаржылық демеу көрсетіп жүрген жекелеген азаматтар аз емес. Акцияға белсене атсалысқан жандар халықтың алғысына бөленді. Олардың игілікті істерін елі, халқы әрдайым мақтан етіп жүреді, – деген аудан әкімі жомарт жандарды 5 түрлі аталым бойынша марапаттады.
«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жыл меценаты» номинациясымен «Углесбыт» ЖШС төрағасы Расул Есенов, «Туған өлке» номинациясымен «Мағжан және К» ЖШС төрағасы Дархан Ералиев, «Жыл тұлғасы» номинациясымен «Жан-Арай» ЖШС төрағасы Бағдаулет Махашов, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен «Шаған Жер» ЖШС төрағасы Жеңісбек Сыздықов және «Ерен еріктілік» номинациясымен №137 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Ербол Сайлауұлы марапатталды.