Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа үй, құтты қоныс

Жаңа үй, құтты қоныс

Ел аузындағы аңыз бойынша Жиренше шешен ханның сәулетті ордасында күні бойы әдемі төсек үстінде отырып, кеш өзінің қара лашығына келіп, тулақ үс­тіне жатып: «Ай-һай, менің өз үйім – кең сарайым, боз үйім» деген екен. Иә, өз үйің – өлең төсегің. Басыңдағы басыбайлы баспанаң – құтты қонысың саналады. Ал осындай баспаналы болуда ел ағалары көмек қылса, оған көпшіліктің айтар алғысы шексіз.

Аудан орталығына тиіп тұрған Сәкен Сейфуллин ауы­лының тұрғыны, жалғызбасты ана Кенжегүл Ахметов­а­ның үйінің құты қашып, құлау алдында тұрды. Әрине, жалғызілікті ананың апатты жағдайдағы тұрғынжайды бұзып, қайта салуға қауқары да жоқ. Оны ауыл жұрты жақсы біледі. Күні үреймен өтетін ана тәуекел етіп, ауыл әкімдігінен көмек сұрап барды. Ал мұнда ауылдық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес бар. Көпті көрген қариялар бастап, атқарушы билікпен бірге елдегі атқамінер азаматтарға өтініш айтты. Қай кезде де кәсібінен береке тауып, оның бір бөлігін мұқым елдің мұқтажын қана­ғаттандырып отыратын Атымтай жомарт азаматтар бұл өтінішті жерде қалдырмады. Жалғызбасты анаға қолғабыс етіп, аз ғана уақыт ішінде құлау қаупіндегі үйді бұзып, жа­ңадан үш бөлмелі баспана салып берді.

Әрине, елдегі жағдайды ел азаматы жақсы біле­ді. «С.Сейфуллин Жер» ЖШС-нің төрағасы Оңғар Сайма­ғанбетов осы құрылыстың басы-қасында жүрді. Онымен бірге осындай игілікті іске Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, "Абай-Дәулет" ЖШС-нің директоры Мұрат Сәрсенбаев, облыстық мәслихат депутаты, «Углесбыт» ЖШС-нің директоры Р.Есенов, «Ақорда капитал» ЖШС-нің директоры Алмас Рахметов, «Құндызды Жер» ЖШС-нің төрағасы Бөлеген Рахмет демеушілік көрсетті. Қасиетті Рамазан айында ел азаматтары қайырымдылық жасап, бір айдың ішінде жаңа үй бой көтерді.

Өткен сенбіде ауыл халқы сүйіншілеген соң аяулы ана­ның қуанышымен бөлісуге біз де жеттік. Осындай игілікті іске үн қосқан азаматтарға ауыл тұрғыны алғаусыз алғысын жеткізді. Қуанышы қойнына сыймай, көз жасына ырық беріп, көп іркілді. Осы сәтте апасы Саракүл Ахметова жалғызбасты ананың ризашылығын жеткізді.

– Қайырымдылық – жақсы қасиет. Игі іс жасасаң, игілігін көретінің анық. Қасиетті Рамазан айында абзал азаматтар үлкен көмек көрсетті. Соның нәтижесінде сіңлім жаңа үйге кіріп отыр. Біздің қуанышымызда шек жоқ. Осыған мұрындық болған ауыл халқына, ел ағаларына шынайы алғысымызды жеткіземіз, – деген Саракүл апаның да көңілі босады. Мұның барлығы қуаныштың көз жасы екені анық.

Жаңа үйге кіруде Кенжегүл Ахметованың қуанышымен ауыл халқы бөлісті. Өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, салтанатты түрде лента қиылды. Ауыл әкімдігі тарапынан қолдау білдірген жомарт жандарға қазақы салтпен шапан жабылды. Жаңа қонысқа ардақты жанның жақын туыстары үй-жиһаздарын тарту етсе, ауылдағы ұжымдар да сыйлықтар табыс етті. Ал ақсақалдар ақ баталарын беріп, жаңа үйде тек қуаныш болуын тіледі.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
08 маусым 2021 ж. 388 0