Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ризашылығым шексіз

Ризашылығым шексіз

Қанша жерден үлде мен бүлдеге оранып жүрсең де басыңда баспанаң болмаса, күйің болмайтыны белгілі. Жаман лашық болса да өз үйің болғанға не жетсін?! Осындайда Жиреншенің «Айхай, өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп мақтанғаны ойға түседі. Сондай қуанышты сәтті жақында өзім де бастан өткердім. Жаңа үйдің кілтін алып, баспаналы болғанда «Өз үйім – өлең төсегім» деп ерекше қуандым.
Мемлекет басшысы халықты тұрғын үймен қамту үшін «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруды тапсырған болатын. Осы бағдарлама жүзеге аса бастағанда игілігін көруге үмітті едім. Өзім 2009 жылдан бері ауданда үй кезегінде тұрамын. Аталған бағдарлама бойынша Тереңөзекте көпқабатты үй тұрғызылады дегенде қуанышымда шек болмады. Ал құрылыс аяқталып, «осыдан бір үйдің кілті Сізге беріледі» дегенде қуанышым қойныма сыймады. Көпқабатты тұрғын үйдің салтанатты ашылуында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолынан кілт алғанда сенер сенбесімді білмедім. Екінші қабатқа зор қуанышпен көтеріліп, екі бөлмелі өз үйіме ерекше сезіммен қадам бастым. Үй кезектілігі бойынша маған осындай баспана бақытын сыйлаған аудан басшылығына айрықша алғысымды білдіремін. Ризашылығым шексіз. Істеріне сәттілік тілеймін. Менімен қатар баспаналы болғандарды қоныс тойымен құттықтаймын.

Ұлжан НҰРБАЕВА,
аудандық қоғамдық денсаулық сақтау
басқармасының жетекші маманы
21 қараша 2018 ж. 1 046 0