Синоптиктер күн суытатынын ескертті

"Қазгидромет"РМК мәліметінше, 20 мамырда батыс және оңтүстік өңірлерді қоспағанда, республиканың басым бөлігінде ауа температурасы қысқа мерзімге төмендейді деп болжанып отыр.
"Түнде солтүстік, солтүстік-батыс, орталық, шығыс, оңтүстік-шығыс өңірлерде кей жерлерде 2 градусқа дейін үсік жүреді. Бірақ 21 мамырда күндіз Иран аумағынан жылы ауа массалары шығатындықтан температура көтеріледі деп болжануда: солтүстік, солтүстік-батыс, орталық өңірлерде 25-33 градусқа дейін, оңтүстікте 35 градусқа дейін ысиды", - деп атап өтті синоптиктер.
Кей жерлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, дауылды жел соғады, бұршақ жаууы мүмкін, 20-21 мамырда республиканың шығысында және оңтүстік-шығысында кей жерлерде нөсер жаңбыр жауады.
Түнде және таңертең республиканың кей облыстарында тұман түседі.