Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаевтың вакциналауға қатысты аудан тұрғындарына Үндеуі

Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаевтың вакциналауға қатысты аудан тұрғындарына Үндеуі

Қадірлі ағайын!
Өмірімізге қиындық әкелген коронавирус инфекциясы әлі өршіп тұр. Аудандағы нақтыланған жағдай 177 адамға жетті. Өздеріңіз білетіндей, біз әлі де «қызыл» аймақта тұрмыз. Қауіпті індетке қарсы тұрып, оған тосқауыл қоюдың тиімді жолы – вакцина салдыру екенін үнемі айтып келеміз. Сондықтан кеселмен күресте мықты иммунитет қалыптастыру үшін екпе қабылдау қажет.

Қазір вакцинаға қатысты тұрғындар арасында және әлеуметтік желіде көптеген пікірлер айтылып, жалған ақпараттар тарауда. Бірақ біз қазіргі күрделі жағдайдан тек қана вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана шыға аламыз. Сол себепті де екпеге қатысты кері пікірлерге құлақ аспау керек. Керісінше, медицина мамандары вакцинадан қорықпау қажеттілігін айтып, антидене қалыптастыру үшін вакцина салдыруға кеңес береді. Сондай-ақ мамандар екпе жүктілікті жоспарлауға да кедергі еместігін нақты атап көрсетуде.

Жалпы, бұған дейін де халқымыз қауіпті індеттерді бастан өткерді. Сол кезеңдерде де жұқпалы ауруларға қарсы екпе салынып, кеселдерді жеңіп шыққан. Бұл жолы да тек біз вакцина салдыру арқылы ғана аурудан айығатынымыз анық. Сондықтан аудан халқы вакцина қабылдағаны дұрыс.

Қазіргі таңда аудандық ауруханада санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай жабдықталған егу бөлмелерінде вакцина салдыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 3500-ден аса сырдариялық вакцина қабылдады. Осы тұста, еліміздің Бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен соңғы 6 ай ішінде «Covid-19»-ға қарсы вакцина қабылдамаған және «Covid-19»-мен ауырмаған жеке құрамды қашықтықтан жұмысқа ауыстыру шаралары қабылдануда. Бұл халық денсаулығын сақтап, қауіптің алдын алу тұрғысындағы жұмыстар екені айқын.

Тағы бір ескерте кететін жағдай, вакцина қабылдағаннан кейін тұрғындар күтініп, сақтыққа аса мән берген жөн. Екпе салдырған соң «маскасыз жүруге болады» деген пікірден арылу керек. Қазіргі жағдайда барлығымыз жауапкершілік танытуымыз керек. Тек мамандардың пікіріне құлақ асып, вакцина қабылдап, жақындарымызға жанашырлықпен қарайық!

04 мамыр 2021 ж. 496 0