Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақсат – тұрақты жұмыспен қамту

Мақсат – тұрақты жұмыспен қамту

Пробация сөзінің мағынасы "сынау" дегенді білдіреді. Жалпы пробация қызметі адамды қоғамнан оқшаулауға болмайтын бірнеше жаза түріне жауапты. Солардың қатарында сотталғандарды түзеуге бағытталған қоғамдық жұмыстарға орналастыру қызметі бар.

Бүгінде ауданда пробация қызметі есебінде тұрғандарды жұмыспен қамту бойынша Сырдария ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы №271 қаулысы қабылданған. Құжатта биылғы жылға 8 белгіленген квота мөлшері нақтыланған. Осыған орай аудандық мекемелер үйінің мәжіліс залында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Е.Зұлқарнаев пробация қызметі есебінде тұрған азаматтармен кездесті. Кездесуге аудандық пробация қызметінің аға инспекторы А.Сақыбеков, аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Ә.Батталов қатысты.

Жиында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Е.Зұлқарнаев аудан әкімінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы №271 қаулысына сәйкес биылғы жылы барлығы 8 квота бекітілгенін айтты. Осы күні квота бойынша 7 пробация қызметі есебінде тұрған адамдар және 1 бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азамат ұсынылған жұмысқа орналасуы тиіс.

– Бүгінгі күні пробация қызметі есебінде тұрғандар үшін 7 жұмыс орны аудандағы бірқатар мекемелер мен кәсіпкерлер жұмыс орындарын белгіленді. Олар "Жәрдем" ЖШС, "Мәді Қажы атындағы" ЖШС, Амангелді ауылдық округі әкімдігі, "Углесбыт" ЖШС, аудандық мәдениет үйі, жеке кәсіпкер «Омарова», «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚРМК «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы» филиалының Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесі. Бүгін осы мекемелерге «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрақты жұмысқа орналасу үшін жұмыс берушілерден сұраныс беріліп, жолдама негізінде жолданады. Тиісінше жұмыс берушілер барлық заңдылыққа сәйкес құқықтық актілерін бекітіп, яғни бұйрық шығарып, екі тараппен еңбек шарты жасалатын болады.

Сонымен қатар қазіргі уақытта еңбек шарттар электронды түрде Жүйеге тіркеу мәселесі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында әзірленген Қызылорда облысының жол картасының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында барлық мемлекеттік қызмет көрсету түрлері электрондық форматқа көшуіне байланысты екі тараппен жасалған еңбек шарттар «Еңбек КЗ» ақпараттық жүйесіне енгізілуге жатады, – деді Е.Зұлқарнаев.

Негізінен пробацияның мақсаты – әлеуметтік әділдікті сақтау, өмірде қателескен, жазасын алған азаматтардың қайта қылмыс жасаудың алдын алу. Оларға әлеуметтік-құқықтық жәрдем көрсетудің басты бағыты – білім алуға, жаңа кәсіп түрін меңгеруге жағдай жасау, жұмысқа орналастыру, емделуге және құқықтық кеңес алуына мүмкіндік беру.

Өз кезегінде жұмыспен қамту орталығының маманы Ә.Батталов жұмыссыздарды мемлекет тарапынан қолдау бағытында іске асатын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бар екенін айтты. Қысқа мерзімді курстар, "Бизнес бастау" бағдарламасы арқылы шағын несие алу мүмкіндігі, Жастар тәжірибесі мен қоғамдық жұмыс және әлеуметтік көмек түрлері жұмыссыздарға арналған мемлекеттік бағдарламалар қарастырылған. Осы бағыт бойынша жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар өз өтініштеріне сәйкес қолдауға ие болып, жұмыспен қамтылуға мүмкіндік алады.

Айта кету керек, аудандық пробация қызметі жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, сотталғандардың қайта жаза басуына жол бермеу үшін нәтижелі жұмыс атқаруда.

Бибісара ЖАНӘЛІ



15 сәуір 2021 ж. 598 0