Голландиялық компания өкілдері ұшатын көлік ойлап тапты
Женева автосалонында голландиялық компания өкілдері өздері ойлап тапқан ұшатын көлікті таныстырды. Бұл – үш дөңгелекті шағын, спорт автокөлігі. Ол жолда жүре алады және роторлардың көмегімен ауаға көтеріліп, қалықтап ұша алады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі bbc.co.uk сайтына сілтеме жасап.
Автокөліктің аты – «Бостандық». Джеймс Бонд немесе әйгілі 007-ші агент осы типтес көлікпен «Екі-ақ рет өмір сүресің» фильмінде ұшып, адам қиялын шыңдаған болатын. Компания өкілдері бұл көлікте 100 тұлпар күші бар екендігін, ал арнайы пропеллер оның жылдамдығын ұлғайтатынын айтты.
Темір тұлпар тақтайдай тегіс жолда сағатына 160 шақырым жылдамдықпен жүріп өте алады. Ол үшін екі қозғалтқышының бірін іске қосады. Ал ең басты құндылығы – көліктің үш дөңгелегінде. Ол жолдағы көптеген кедергілерді басып өте береді және қатты жылдамдықпен жүріп келе жатып қалықтап ұшып кете алады.
Ал Ланкастер университетінің профессоры Гарри Хостер бұл көлікті зерттей келе, кемшілігін де атап өтті.
«Әрине, тікұшақтарға қарағанда мына ұшатын көлік аспаннан жерге қону үшін шағын аумақты талап етеді, бірақ ол жеткіліксіз. Тығыз орналасқан елді мекендер үшін автокөлік қонуға қажет ететін аумақ өте үлкен, сондықтан көлікті пайдалану көптеген елдер үшін әзірге мүмкін емес жағдай. Сондай-ақ, көліктің қатты шығатын дыбысы қала тұрғындарының мазасын алады» деді ол.Айта кетерлігі, голландиялық Пал-5 ұжымы ұшатын көлік жасауға талпынған жалғыз компания емес. Бұған дейін америкалық Terrafugia ұшатын көлік жасап, тіпті оның қанаттары жиналатынын көрсеткен. Бір кемшілігі, Terrafugia ұшатын көлігі тек әуежай жолдарында ғана ауаға көтеріле алады.