Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда ұшу қауіпсіздігін бақылайтын жаңа ұлттық компания құрылады

Қазақстанда ұшу қауіпсіздігін бақылайтын жаңа ұлттық компания құрылады


Қазақстанда ұшу қауіпсіздігін бақылайтын жаңа ұлттық компания құрылады. Бұл туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек хабарлады.

Жаңа ұлттық компания ұшу қауіпсіздігі саласындағы бақылау-қадағалау қызметін атқарады. Компания жоспары британиялық модель бойынша дайындалған.
Министрдің айтуынша, компания министрлікке есеп береді.
Ұлттық компанияға азаматтық авиация комитетінде істейтін қызметкерлердің үштен екісі, атап айтсақ инспекторлар ауысады. Ал мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен халықаралық қатынастар бойынша функциялар министрліктің құзыретінде қалады.
Сонымен қатар, министр Қасымбектің ойынша, мемлекеттік функциялардың бір бөлігін компания деңгейіне беру керек. Яғни, халықаралық талаптарға сай келетін мамандарды тарту мәселесін мемлекет шешпейтін болады.
“Бүгінде ұшқыштарды, ұшақтардың сапасын жіті тексеру үшін біз комитетке тиісті мамандарды шақыра алмаймыз. Себебі олар компанияда 4-5 есе жоғары жалақы алады. Яғни, біз маман тарту үшін оған жағдай жасауымыз керек. Бұл тек ұлттық компания немесе АҚ түрінде ғана іске асады. “, — деді ол.
Министр британиялық модель әлемдегі ең қауіпсіз үлгілердің бірі екенін атап өтті.
23 қаңтар 2018 ж. 1 123 0