Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Cайлауға дайындық сақадай сай

Cайлауға дайындық сақадай сай

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2020 жылдың 12 тамызында ҚР Пар­ламенті Сенатының сайлауы өтеді. Бұл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен белгі­лен­ген саяси маңызды науқан.

Бүгінде Сенат депутаты атануға облыстан үміткер ретінде төрт кандидат тіркелді. Олар – А.Әлназарова, А.Қайруллаев, М.Сәрсенбаев және И.Шағыртаев. Үміткерлер мамандықтары бойынша экономист, дәрігер, журналист және инженер. Олардың орташа жасы 47 жас. Бүгінде үміткерлердің өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Үміткерлер қала және аудандарды аралап, мәслихат депутаттарымен кездесті.

Облыстық сайлау комиссиясының 2020 жылғы 3 тамыздағы шешімімен ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау бюллетендерінің саны таңдаушылардың жалпы санына 1 пайызды қоса алғанда 148 деп нақтыланды. Аталған бюллетендерді ҚР Орталық сайлау комиссиясы белгілеген қорғалу дәрежесін сақтай отырып дайындайды.

Сенат депутаттарын сайлауда дауыс беру 2020 жылғы 12 тамызда Қызылорда қаласы, Ы.Жақаев көшесі, №72 мекенжайындағы Қызыл­орда мемлекеттік университетінің «Студенттер сарайы» ғимаратында өткізіледі. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясы баспасөз беттері мен интернет сайтында жариялап, таңдаушы­лар­ға шақырулар жолдаған.
Дауыс беруге таңдау­шылар – мәслихаттардың депутаттары қатысады.

– Сайлауды ұйымдастыру және өткізу барысында Орталық сайлау комиссиясының және Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 24 шілдедегі №16/313 бірлескен қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды өткізу кезінде коро­навирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі ұсынымдар» міндетті түрде басшылыққа алынады. Пандемия жағдайында сайлау процесіне қатысушылардың санитарлық қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлінген. Облыстық сайлау комиссиясының облыстық Бас мемлекет­тік санитариялық дәрігерімен бірлескен Сенат депутаттарын сайлауды өткізу кезінде коронавирустық инфекция таралуының алдын алу алгоритмі қабылданған. Үгіт науқанында кандидаттардың таңдаушылармен онлайн-режимдегі кездесулермен қатар тиісті санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып, жүзбе-жүз кездесулері ұйымдастырылды. Дауыс беру күні дауыс беретін үй-жай тиісті талаптарға сай жабдықталып, медицина қызметкерінің қатысуы қарастырылады. Депутаттардың барлығы антисептикалық қорға­ныс құралдарымен қамтамасыз етіледі, – дейді облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Ғ.Баймырзаев.

Парламент Сенатының депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы анықтап, сайлау өткізілген күннен бас­тап он күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ


11 тамыз 2020 ж. 745 0