Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қан тапсырып, өмір сыйла!

Қан тапсырып, өмір сыйла!

Қызылорда гарнизонының 50-ге жуық әскери қызметшісі донорлық қан тапсырды. Шара санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылды.

Әскери қызметшілер қан тапсыру алдында тексеруден өтті, атап айтқанда қажетті құжаттар мен сауалнамаларды толтырып, қан орталығының дәрігерлерімен әңгімелесулер жүргізді. Дәрігерлер әскерилерге донор болудың артықшылықтарын және  моральдық тұрғыда маңыздылығын түсіндірді. Әскерилерден шашамен 25 литр қан жиналды.

«Барлық кезде әскери қызметшілер мұндай қайырымдылық шараларына дайынбыз. Қан тапсырудың адам денсаулығына да, пайдасы бар екенін де естіп жүрмін. Мен үшін әскери қызметшілердің осындай қайырымдылыққа қол ұшын созып, қатысып жатқаны өте қуантады. Жақсы істеріміз көп болсын», - дейді аға сержант Бексұлтан Жақсымбетов.

Тапсырылған донорлық қан аймақтық ауруханалардағы ауыр науқастар, апаттардан зардап шеккендер және  шұғыл медициналық көмек көрсету кезіндегі қызметтер үшін пайдаланылады.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде әскерилердің донор ретінде қан тапсыруы дәстүрге айналған жағдай. Бұл процесті әдетке айналдырған десек те болады.

«Қызылорда облысының барлық аумағындағы медициналық мекемелерді қанмен қамтамасыз ететін қан орталығындағы әртүрлі жағдайда қанға мұқтаж жандарға сұраныс түседі. Сол себептен осы әскери бөліммен қанға мұқтаж жандарға көмек ретінде іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Біздің қан орталығы ұжымының атынан осындай үлкен қолдау көрсетіп отырған әскери бөлім басшысына және әскери қызметшілерге үлкен алғысымызды білдіреміз», - дейді Қызылорда облыстық қан орталығының дәрігері Гауһар Ғалымжанқызы.
сержант Мұхит Қонаров,
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы



02 қараша 2020 ж. 365 0