Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық мүшәйраның өңірлік кезеңі қорытындыланды

Республикалық мүшәйраның өңірлік кезеңі қорытындыланды

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы аясында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Педагогикалық ғылымдар академиясы» қоғамдық бірлестігінің республикалық деңгейде мүшәйра өткізген болатын. Аталған мүшәйраның Қызылорда облысы бойынша өңірлік ұйымдастырушысы Ақтөре Ибрагимұлы бүгін өңірлік кезеңнің қорытындыланғаны жөнінде ақпарат берді.

Мүшәйраға облыс бойынша барлығы 30 ақын қатысқан. Олар ереже талаптарына сәйкес өз туындыларын қазылар алқасының қарауына ұсынған. Білікті қазылар алқасы өзара саралап, талдай келе үш ақынға республикалық кезеңге қатысуға жолдама берген.

– Мүшәйраның өтетіні жөнінде ақпараттандыру жұмыстары кеңінен жүргізілді. Қала және аудан әкімдеріне, жоғары оқу орындары ректорлары мен колледж директорларына, аудандық білім, мәдениет бөлімдерінің басшыларына, жастар ұйымдарының жетекшілеріне арнайы ұсыныс хат берілді. Соның негізінде Сыр өңірінде ұйымдастырылған өңірлік кезеңде 30 ақынның өлеңдері тіркелді. Қазылар алқасы ретінде әдебиеттің белді өкілдері таңдалды. Ақын, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы Шаһарбек Нұрсейітов қазылар алқасының төрағасы болғанын атап өтуіміз қажет. Ал, ақын Елубай Әуезов пен Бағдат Есназар қазылар алқасының мүшесі ретінде талапкер ақындардың өлеңдерінің әділ бағалануына өз үлестерін қосты. Жалпы, қазылар талапкерлердің шығармаларының сапасына, ойдың ұшқырлығына, мәліметтердің шынайылығына баса мән берді. Нәтижесінде Қызылорда облысынан Мейіржан Қартбай, Сандыбай Піржан және Алина Мұратова есімді үш ақын республикалық кезеңге қатысуға жолдама алды, – дейді Ақтөре Ибрагимұлы.

Атап өту керек, өңірлік кезең талабы бойынша трениг пен мастер-класс ұйымдастырылған. Тренинг тренері ретінде Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Ердос Беркінбаев «ЗУМ» жүйесі арқылы талапкер ақындармен кездесу өткізген. Тренингке 31 адам қатысты. Ал, мастер-классты ақын, «Алдаспан» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі Мамыр Байдәулет жүргізген. Оған 70 адам қатысқан. Бұл да онлайн режимде «ЗУМ» жүйесі арқылы өткізілген.

Өңірлік кезең қорытындысы бойынша хаттама рәсімделіп, ол «Педагогикалық ғылымдар академиясы» қоғамдық бірлестігіне ұсынылған. Мүшәйраның республикалық кезеңі жақын күндері қорытындыланады деп күтілуде.
25 қыркүйек 2020 ж. 244 0