Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Онлайн тренинг ұйымдастырылды

Онлайн тренинг ұйымдастырылды

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» кеақ қолдауымен қолға алынған «мүшәйра» республикалық конкурсы сыр өңірінде қарқынды ұйымдастырылуда. Апта ағымында Қызылорда облысы бойынша өңірлік ұйымдастырушының үйлестіруімен «Әдеби жазу дағдыларын дамыту» тақырыбында онлайн тренинг өтті.

«Зум» жүйесі арқылы ұйымдастырылған іс-шараға тренер ретінде айтыскер-ақын, «Алдаспан» жыр үйірмесінің жетекшісі, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы Мамыр Байдәулет қатысты.

Тренинг барысында қатысушы талапкерлер мен «Мүшәйра» конкурсына қызығушылық танытқан азаматтарға ақын Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде мәліметтер берілді. Сондайақ тренер М.Байдәулет талапкерлерге сәттілік тілеп, олардың ұсынған туындыларына қойылатын талаптар жөнінде ой бөлісті. Атап айтқанда, өлеңнің, прозаның қатесіз жазылуына, ойдың ұтқырлығына, тереңдігіне мән беру керектігін айтты. Ұйқас қуалап, өлеңнің мағынасын бұзып алмау қажеттігін түсіндірді. Бұл ретте, бұған дейінгі мүшәйраларда кездескен мәселелер жөнінде келелі ойлар айтылды.

Тринингке қатысушылар ақын Мамыр Байдәулетке өз сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Мұнан бөлек «Мүшәйра» республикалық конкурсының Қызылорда облысы бойынша өңірлік ұйымдастырушысы өңірлік кезең жөнінде және конкурс ережесі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта конкурс талаптарына сәйкес мастеркласс өтеді деп жоспарлануда.

Гүлсім ӘЛЖАНОВА 
19 қыркүйек 2020 ж. 542 0