Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық мүшәйра ұйымдастырылады

Республикалық мүшәйра ұйымдастырылады

Өздеріңізге белгілі, биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейлі мерейтойы. Осыған орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қол­дау орталығы» КЕАҚ қолдауымен респуб­ликалық деңгейде мүшәйра өткізу жос­парлануда.

«Педагогикалық ғылымдар академиясы» ҚБ ұйымдастыруымен өтетін мүшәйраға 16-29 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Байқауға ақынның шығармашылығына қатысты талапкерлердің жазған туындысы қабылданады: 2 өлең (ақындар үшін) немесе 2 шағын проза (жазушылар үшін). Шығарманың тілі – қазақ/орыс тілдері. Жұмыстар бас­па немесе электронды түрде ұсынылады.

Бүгінде «Педагогикалық ғылымдар академиясы» ҚБ ұсынысымен Қызылорда облысы бойынша өңірлік ұйымдастырушы ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыруда. Өңірлік ұйымдастырушының мәлі­меті негізінде бүгін аудандық газеттің 16-29 жас аралығындағы оқырмандарының назарына рес­пуб­ликалық мүшәйра жөнінде ақпарат ұсынбақпыз.

«Байқау екі, яғни іріктеу және қорытынды кезеңі бойынша өткізіледі екен. Іріктеу кезеңі өңірлерде 10 тамыз – 30 қыркүйек аралығында өткізілсе, қорытынды кезең 1 қазан – 20 қазан аралығында ұйымдастырылады. Іріктеу кезеңі нәтижесі бойынша анықталған 3 жүлдегерге республикалық байқауға жолдама беріледі. Жас ақын-жазушылар үшін жаңа мүмкіндік болып табылатын мүшәйраның жүлде қоры төмендегідей. Бас жүлдеге 500 мың теңге берілсе, 1 орын иегері 300 мың теңгемен марапатталмақ. Ал 2 орын иегеріне 200 мың теңгелік қаржылай сыйақы алса, 3 орын жеңімпазы 100 мың теңгені қанжығасына байлайды. Осы ретте байқау онлайн түрде өткізіліп, қаржы үнемделген жағдайда жүлде қоры ұлғаюы мүмкін екенін атап өтуіміз қажет. Қатысушы талапкерлер үшін Қызылорда облысы бойынша өңірлік ұйымдастырушының 87472279635 байланыс телефондары мен abai_k_2020@mail.ru электронды пош­та ұсынылады. Бүгінде қала және аудан әкімдеріне хат жіберілді, талапкерлерді тіркеу жұмыстары жүргізілуде», – дейді өңірлік ұйымдастырушы.

Республикалық конкурсқа қатысушылардың өмір­баян­дарының ақпараттық жинағы жеке кітаппен дайын­далады және шығарылады екен. Мұнан бөлек байқау ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ету үшін республикалық кезең бейнетаспаға толық жа­зылатын болады. Талапкерлер шығармасын баға­лауда туындының идеясы және композициялық тұтас­тығының сақталуына, тілдің стилистикалық және тілдік сауаттылығының көрініс табуына, тақырыпты дұрыс аша білуіне басымдық беріледі. Осы ретте аудандық білім бөлімі мен аудандық мәдениет үйлері жанындағы үйірмелердің мүшелерін республикалық мүшәйраға қатысуға шақырамыз. Бұл Ұлы ақынның шығармашылығын дәріптеп, шыңға шығамын деген жастарға берілген мол мүмкіндік.

Айдана ҚАЛИЕВА 
18 тамыз 2020 ж. 2 155 0