Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірлік кезең өз деңгейінде ұйымдастырылуда

Өңірлік кезең өз деңгейінде ұйымдастырылуда


Бұдан бұрын хабарлағаны­­мыз­дай, ұлы ақын Абай Құнанбайұлы­ның 175 жылдығына орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және «Азаматтық бас­тамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен республикалық деңгейде мүшәйра өткізу жоспарлануда. «Педагоги­калық ғылымдар академиясы» ҚБ ұйымдастыруымен өтетін мүшәй­раға 16-29 жас аралығындағы талапкерлер қатыса алады. Бүгінде аталған байқаудың өңірлік кезеңі ұйымдастырылуда.

Байқау шартына сәйкес мүшәй­раға ақынның шығармашылығына қатысты талапкерлердің жазған туындысы, яғни ақындар үшін 2 өлең, жазушылар үшін 2 шағын проза қабылданады. Жұмыстар баспа немесе электронды түрде ұсынылады. «Педагогикалық ғы­лым­дар академиясы» ҚБ ұсыны­сымен тамыз және қыркүйек айларында Қызылорда облысы бойынша өңірлік ұйымдастырушы өңірде ақпараттық-насихаттық жұмыс­тар­ды ұйымдастырды. Өңірлік ұйым­дастырушының ұсынымы негізінде облыстық, қалалық, аудандық газеттерге және әлеу­меттік желілерге ақпараттық мақалалар жарияланды. Сондай-ақ «Whatsapp» желісінен арнайы чат ашылып, ашықтық пен жариялылық қағидаты қамтамасыз етілді. Қала және аудан әкімдеріне, облыстық жастар орталығына, Қызылорда қаласындағы жоғары оқу орындарына хат жолданып, мүшәйра жөнінде ақпарат ұсынылды.

– Байқау екі, яғни іріктеу және қорытынды кезең бо­йынша өткізіледі екен. Іріктеу кезең өңірлерде 10 тамыз – 30 қыркүйек аралығында өткізілсе, қорытынды кезең 1-20 қазан аралығында ұйымдастырылады. Іріктеу кезеңі нәтижесі бойынша анықталған 3 жүлдегерге республикалық байқауға жолдама беріледі. Жас ақын-жазушылар үшін жаңа мүмкіндік болып табылатын мүшәйраның жүлде қоры төмендегідей. Бас жүлдеге 500 мың теңге берілсе, 1 орын иегері 300 мың теңгемен марапатталмақ. Ал 2 орын иегеріне 200 мың теңгелік қаржылай сыйақы алса, 3 орын жеңімпазы 100 мың теңгені қанжығасына байлайды. Осы ретте, байқау онлайн түрде өткізіліп, қаржы үнемделген жағдайда жүлде қоры ұлғаюы мүмкін екенін атап өтуіміз қажет. Қатысушы талапкерлер үшін Қызылорда облысы бо­йынша өңірлік ұйымдастырушының 87472279635 байланыс телефондары мен abai_k_2020@mail.ru электронды пошта ұсынылады. Бүгінде қала және аудан әкімдеріне хат жіберілді, талапкерлерді тіркеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді өңірлік ұйымдастырушы.

Атап өту керек, республикалық конкурсқа қатысушылардың өмір­­­­баяндарының ақпараттық жи­нағы жеке кітаппен дайындалып, шығарылады екен. Мұнан бөлек, байқау ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ету үшін республикалық кезең бейне­таспаға толық жазылатын болады. Талапкерлер шығармасын ба­ғалауда туындының идеясы жә­не композициялық тұтастығының сақ­­­­­талуына, тілдің стилистикалық және тілдік сауаттылығының көрі­ніс табуына, тақырыпты дұрыс аша білуіне басымдық беріледі. Осы ретте, аудандық білім бө­лімі мен аудандық мәдениет үйлері жанындағы үйірмелердің мүшелерінің республикалық мүшәй­раға қатысуына мүмкіндігі көп. Бұл Ұлы ақынның шығармашылығын дәріптеп, шыңға шығамын деген жастарға берілген мол мүмкіндік десек те болады.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
15 қыркүйек 2020 ж. 554 0