Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірлік кезең қорытындыланды

Өңірлік кезең қорытындыланды

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және «Азаматтық басталамарды қолдау» КЕАҚ қолдауымен «Педагогикалық ғылымдар академиясының» ұйымдастыруымен республикалық деңгейде мүшәйра өткізілуде. Аталған байқаудың бүгін Қызылорда облысы бойынша өңірілік кезеңі қорытындыланды.

Өңірлік кезең қыркүйек айынан бастау алды. Бұл кезеңде тиісті ақпараттық-насихаттық, түсіндірме және талапкерлердің шығармаларын қабылдау жұмыстары жүргізілді. Облыстық, аудандық газеттерге мақалалар жарияланды. Қала, аудан әкімдеріне, жоғары оқу орындарының ректорларына, жастар ұйымдарының басшыларына хат жолданды. Сондай-ақ талапкерлер мен олардың жанкүйерлеріне арналған тренинг пен мастер-класс ұйымдастырылды.

«Әдеби жазу дағдыларын дамыту» тақырыбында онлайн тренинг «Зум» жүйесі арқылы өткізілді. Іс-шараға тренер ретінде айтыскер-ақын, «Алдаспан» жыр үйірмесінің жетекшісі, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы Мамыр Байдәулет қатысты. Тренинг барысында қатысушы талапкерлер мен «Мүшәйра» конкурсына қызығушылық танытқан азаматтарға Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде мәліметтер берілді. Сондай-ақ тренер М.Байдәулет талапкерлерге сәттілік тілеп, олардың ұсынған туындыларына қойылатын талаптар жөнінде ой бөлісті. Атап айтқанда, өлеңнің, прозаның қатесіз жазылуына, ойдың ұтқырлығына, тереңдігіне мән беру керектігін айтты. Ұйқас қуалап, өлеңнің мағынасын бұзып алмау қажеттігін түсіндірді. Бұл ретте бұған дейінгі мүшәйраларда кездескен мәселелер жөнінде келелі ойлар айтылды. Тринингке қатысушылар ақын Мамыр Байдәулетке өз сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Мұнан бөлек «Мүшәйра» республикалық конкурсының Қызылорда облысы бойынша өңірлік ұйымдастырушысы А.Ибрагимұлы өңірлік кезең жөнінде және конкурс ережесі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Ал «Әдеби шығарма жазу және өз қабілетіңді шыңдау жолдары» тақырыбындағы онлайн мастер-классты Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ердос Беркінбаев жүргізді. Мастер-класс барысында қатысушы талапкерлерге, олардың жанкүйерлері мен «Мүшәйра» конкурсына қызығушылық танытқан азаматтарға Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде кең көлемді мәліметтер берілді. Сондай-ақ тренер Е.Беркінбаев талапкерлерге сәттілік тілеп, олардың ұсынған туындыларына ережеге сәйкес қойылатын талаптар жөнінде ой бөлісті. Атап айтқанда, әдеби шығарма жазу мен қабілетті шыңдау жолдарын түсіндіріп, туындының қатесіз жазылу, тыныс белгілердің дұрыс қойылу қажеттігін айтты. Тренинг пен мастер-классқа барлығы 100-ден аса адам қатысты.

Атап өту керек, өңірлік кезең талабына сәйкес Қызылорда облысы бойынша 30 талапкер өз шығармасын ұсынды. Шығармаларды білікті мамандардан құралған қазылар алқасы сүзгіден өткізіп, талдап, республикалық кезеңге жолдама алған талантты жастарды анықтады. Атап айтқанда, КСРО және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, қазылар алқасының төрағасы Нұрсейітов Шаһарбек Балтабайұлы бастаған ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы, қазылар алқасының мүшесі Елубай Әуезов, ақын, республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, қазылар алқасының мүшесі Есназар Бағдат Мансұрұлы мен республикалық байқаудың Қызылорда облысы бойынша өңірлік ұйымдастырушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы республикалық кезеңде бақ сынайтын жастарды нақтылады. Олар – Сандыбай Піржан (Қызылорда қаласы), Мейіржан Қартбай (Жалағаш ауданы), Алина Мұратова (Қызылорда қаласы). Аталған талапкерлердің құжаттары «Педагогикалық ғылымдар академиясының» орталық кеңсесіне жіберілді.
26 қыркүйек 2020 ж. 653 0