Жастардың бірлігі бекем, тірлігі көркем

Осы жолда аянбай тер төгіп, туған жердің қамы үшін еңбек етіп жүрген айдарлылық жастар баршаға үлгі. Жыл басынан бері біршама ілкімді істердің басынан табылып жүр. Ауылдағы ерікті жастардың көшін бастап жүрген Өмірзақ Есболатов «ауылға қызмет ету, қажетіне жарау – басты парызымыз» дейді.
Айдарлыдағы сапарда мешіттің жанынан салынып жатқан бау-бақшанының жұмысымен таныстық. Мұндағы жігіттердің басын қосып жүрген жас маман Әкежан екен. Ол осы елді мекендегі №139 орта мектепте физика пәнінен сабақ береді. Ол ынтымақты ту еткен жастардың ауылға деген ықылас-ниеті ерекше екенін атап өтті.
Расында да мұндағы әрбір жас «мен өз ауылым үшін не істей аламын» деген қағидамен өмір сүретініне көзіміз жетті. Осы кезеңге дейін ауылдағы жағдайы төмен отбасының ауласын қоршалап, қарт адамдардың шатырын жаңартқан. Пандемия кезінде тұрмысы төмен отбасыға бірнеше мәрте азық-түлік таратқан, дәрі-дәрмек алдыртып, елге бар ынта-жігерімен қызмет еткен. Ал мұның барлығын жастар өз қаражаттары есебінен жасаған. Алдағы жоспарда бұқаралық спортты дамытып, спорт алаңын ашу секілді ауыл үшін маңызды жұмыстар бар. Ауыл кіреберісіндегі алып арканың да тұрғызылуына ауыл жастарының бекем бірлігі мен тындырымды тірлігі арқау болғанын атап өтуіміз қажет.
Иә, айдарлылық жастар осылайша көпке үлгі болып келеді. Болашақ жастардың қолында деген ұрандарды жиі айтып, аймақта осы мақсаттарда қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Тек оны өз керегіне қарай пайдалану әрбір жастың құзырындағы жұмыс. Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан бар мүмкіндікті тиімді пайдалануға әрбір жастың өз ұмтылысы болуы тиіс. Өйткені, өмір ағыны тоқтамақ емес, жастық шақтың да жарқ етіп өте шығары баршаға мәлім. Қашан да, болашағын алыстан бағамдайтын қазақ «қыстың қамын жаз ойла» демеуші ме еді… Ендеше, Қазақстанның жарқын болашағы үшін қандай да бір іс тыңдыруға міндет санайтын Айдарлы ауылының жастарына сәттілік серік болғай.
М.Қожабай