Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар – жарқын болашақтың иесі

Жастар – жарқын болашақтың иесі

Жастар – қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Сондықтан жылдың айтулы бір күні арнайы жастар мерекесі ретінде белгілеген. Яғни, 12 тамыз – Халықаралық жастар күні.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жастар саясаты елдің басты басымдықтарының біріне айналған. «Қазақстан 2020: Болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында: «Қазақстан жасампаз және жас мемлекет. Қазақстанның болашағы Қазақстан жастарының даму деңгейімен, олардың қоғамға ықпалдасуымен байланысты, болашақтың негізі бүгін қаланады» – делінген.

Жастар саясатын жүзеге асыру «Қазақстан – 2050» стратегиясының негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты мемлекет жастар саясатын уақыт талабына сай бейімдеу арқылы жастарды Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторына айналдыруды көздейді. Сондай-ақ жастардың білім алып, кәсіби маман атануы Үкімет назарында.

Ауданда бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылуда. 2017 жылы «Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығы» мекемесі өз жұмысын бастады. Аталған мекеме базасында кеңес беру, коворкинг орталығы қызмет жасауда. Орталық директоры Ғани Ораловтың айтуынша, бүгінде аудан бойынша 14 пен 29 жас аралығында 9054 жас бар екен. Олардың басым көпшілігі жас мамандар.

– Білім, денсаулық және өнер саласында жүрген шығармашыл жастар үшін «Жастар театры» құрылды. Сондай-ақ жастар арасында жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында «Тереңөзек жастары» қоғамдық қоры құрылды. Бүгінде аталған қордың есебінде алты миллонан асатын кіріс көзі бар. Жұмыссыздық мәселесін шешудің тағы бір жолы ретінде «Жастар бригадасы» құрылды. Қазіргі таңда Шаған, Шіркейлі, Қоғалыкөл, Бесарық, Ақжарма, Айдарлы, А.Тоқмағамбетов ауылдық округтерінде инвесторлардың қолдауымен адал қызмет етуде. Жастар арасындағы ең өзекті мәселенің бірі – маргиналды адамдардың көбеюі. Жергілікті бюджеттен мемлекеттік жобаларға қаржы бөлініп, NЕЕT санатындағы жастардың қатысуымен биылғы жылдың алты айында 49 шара ұйымдастырылған. Оған екі мыңға жуық жас қатысқан. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бо­йынша ауылдың әлеуетін көтеру үшін білім, денсаулық, мәдениет, ауылшаруашылық, спорт саласына 59 маман жіберілсе, оның ішіндегі 48 кәсіби жас маманға тұрғын үй алуға мүмкіндік берілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда аудан бойынша жас кәсіпкерлер саны 8 пайызға артқан, – дейді Ғ.Оралов.

Аудан жастарына жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында түрлі инновациялық несиелер мен гранттар қарастырылған. Жастардың бастамасымен көптеген ауқымды жобалар қаржыландырып, олар өз кәсіптерін әрі қарай дамытуда. Аудандық кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бизнес-Кеңесші» және «Бастау-Бизнес» жобалары бойынша былтыр 81 жас оқыған. Биыл бұл көрсеткіш артып, ауданға қарасты елді мекендерде тұратын 100-ден аса жас кәсіп ашуға ниеттенген. Бұл көрсеткіш жастардың өзін өзі еңбекпен қамтып, өмір сүру сапасының артуына жасалған қол­даулар.

Жаз мезгілінде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жыл сайын «Жасыл ел» еңбек жасағы құрылатын. Биылғы жылы бұл жасақ елдегі пандемияға байланысты жұмыс жасаған жоқ. Осы ретте, аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалану үшін 35 мәдени мекеме, 128 спорттық нысан жұмыс жасайтынын атап өту керек.

Сырдария ауданы әкімдігі жанынан жас­тар ісі жөніндегі кеңес оты­рысы тұрақты түрде өткізілуде. Еріктілер жылында «Жастар мәслихаты» құрылып, өзекті мәсе­лелерді шешу жөнінде ұсыныстар жасалды.

Елімізде жарияланған төтенше жағдай мен пандемия кезінде аудан жастары ауызбіршілік танытып, өз көмектерін жеткізді. Мұнымен қоса ауданға қарасты әрбір ауылдар елді мекендегі тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік пакеттер ұйымдастырылды. Бұл игі істер аудан жастарының бірлігімен атқарылды.

Мемлекет жастарға зор сенім мен үміт артуда. Сондықтан да жастар бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту ісіне жауапкершілікпен қарау қажет.

Майя ҚОЖАБАЙ 
11 тамыз 2020 ж. 732 0