Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оралда 180 отбасы баспаналы болды

Оралда 180 отбасы баспаналы болды


Тұңғыш президент күні қарсаңында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 180 клиенті баспаналы болып отыр. Орал қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтерлер әкімдік желісі бойынша сатылды. 1 шаршы метрдің бағасы 133 000 теңгені құрады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа нысан «Көктем» ықшамауданында орналасқан. Бұл ауданда дамыған инфрақұрылым бар, жаңа балалар ауруханасы, 1200 орындық мектеп, дене тәрбиесі-сауықтыру кешені, екі балабақша салынған.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пен «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Айгүл Наурызалиева пәтерлерді аралап, ТҮҚЖБ клиенттерін баспаналы болуларымен құттықтады.
- Осы жылы біздің аймақта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мыңға жуық салымшысы үй ала алады. Бұл – қала тұрғындары, сондай-ақ аудандар мен ауылдарда тұратын жандар. 50 000-80 000 теңге жалақы алатын аймақ тұрғындарына нарықтық бағамен үй алу қиын. Сондықтан олар үшін мемлекеттің қолдауымен қолжетімді үйлер салынып жатыр. Банк өз кезегінде тұрғындарға алғашқы жарнаның басын құрап, жеңілдікті шарттармен баспана сатып алуға көмектесуде, - деп түсіндірді Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Айгүл Наурызалиева.Мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін салымшыларға ең төменгі алғашқы жарна ретінде шоттарына пәтер құнының 30%-на тең ақша жинау керек болды. Жетпейтін соманы банк жылдық мөлшерлемесі 5% болатын заем түрінде берді.
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының тұрғыны Анна Садықова студент кезінде үйге ақша жинап бастаған екен. ТҮҚЖБ-дағы депозитті ол 2010 жылы ашып, ай сайын 10 000 теңгеден салып тұрыпты. Жұмысқа тұрған соң ай сайынғы төлем көлемі артқан. Нәтижесінде мемлекет сыйлықақысы, банк сыйақысы және бағам айырмашылығы төлемақысын қоса алғанда Анна қажет сома жинап, бір бөлмелі пәтер сатып ала алған.
- Аздап ақша салып тұрып та мен баспаналы болатыныма сендім. Қазір пәтер алып, нәтижені көрген соң, анама қосымша депозит ашып бердім. Болашақта бұдан да кеңірек пәтер алу үшін бірлесіп ақша жинап жатырмыз, - деп тәжірибесімен бөлісті банк салымшысы Анна Садықова.«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына банк клиенттері «baspana.kz» жылжымайтын мүлік порталы арқылы қатыса алады. Нысан құрылысы аяқталмай жатып-ақ банк порталда бір айға созылатын дауыс беру басталғаны туралы хабарландыру жариялайды. ТҮҚЖБ клиенті салынып жатқан нысанның жайлылық санатын, бағасы мен әрлеуін хош көрсе, порталда өтініш беру арқылы өз дауысын береді. Дауыс беру аяқталған соң ұпай есебі автоматты түрде жүргізіліп, пәтер сатып алушылар пулы қалыптасады. Ұпай саны шотқа ақшаның қаншалықты тұрақты салынып тұрғанына байланысты түзіледі.
30 қараша 2017 ж. 1 273 0