Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандық газет оқырмандармен ашық диалог орнатуға дайын

Аудандық газет оқырмандармен ашық диалог орнатуға дайын

Құрметті Сырдария ауданының тұрғындары!

Өздеріңізге белгілі, 80 жылдан астам тарихы бар аудандық «Тіршілік тынысы» газеті аптасына екі рет жарыққа шығады. Биылдан бастап басылым 3750 дана таралыммен таратылуда және бұл Тәуелсіздік жылдарында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Сіздерге басылым жұмысына қолдау көрсету және бірлесе жұмыс жасау үшін төмендегі ұсыныстарымды жеткізгім келеді.

1. Ауданның және аудан аумағындағы ауылдардың дамуында өзіндік орны бар және бұрын аудандық газетте жазылмаған еңбегі адал, көпке үлгі азаматтар, отбасылар басқа да жеке адамдар болса, аудандық газетке олардың аты-жөні мен байланыс нөмерлерін ұсынсаңыздар, біз Сіздердің ұсыныстарыңыз негізінде сол кісілер туралы мақалалар жазатын боламыз.

2. Қызықты оқиғалар, ескірмейтін естеліктер, қайталанбас сәттер жөнінде білетін деректеріңіз болса, аудандық газетке хабар берсеңіздер, біз өзіміз ізденісті серік етіп, қосымша мәліметтер жинақтап, ақпараттандыруға дайынбыз. Сіздер үшін қызықты дүниелерді өзге ауылдың тұрғындары аудандық газет арқылы оқыса деген ниеттеміз.

3. Ауыл – ел бесігі. Абыройлы азаматтардың басым бөлігі ауылдан шыққан. Ауылдарыңызда туып-өскен, қазіргі таңда алыс қалаларда жемісті еңбек етіп жүрген жерлестеріміз болса, олар туралы да аудандық газетті хабардар етсеңіздер, аудандық газет тілшілері шалғайда жүрген түлектерімізден сұхбат алатын болады.

4. Ауылдардың тарихын ауылдың ардагерлерінен және тұрғындарынан артық білетін ешкім жоқ. Өмірі өнеге толы отбасылар немесе ерекше дарыны, қарым-қабілеті бар азаматтар болса, аудандық газетке ұсынсаңыздар, біз Сіздердің ұсыныстарыңыз негізінде мақалалар жазатын боламыз.

Аудандық газет оқырмандар үшін әрқашан ашық диалог орнатуға дайын. Газеттен оқығыңыз келетін дүниелерді, басылымды өзгерткіңіз келетін ұсыныстарыңызды бізге айтудан қысылмаңыздар. Сіздерден ұсыныстар күтеміз және 8 (724 36) 21-1-41 немесе 8 747 227 96 35, 8 707 823 74 41, 8 708 870 68 19 байланыс нөмерлеріне хабарласуларыңызды сұраймыз.

Құрметпен,
А.Ибрагимұлы,
Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

27 тамыз 2020 ж. 453 0