Басылым тірегі – тұрақты оқырман
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп басталатын мақаласын «...адамға көз, құлақ, тіл қаншалықты керек болса, халыққа да газет соншалықты керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деп түйіндейді. Осыдан-ақ қоғамның тыныс-тіршілігінде мерзімді басылымның алатын орны ерекше екенін ұғынуға болады емес пе?!
Жыл аяқталуға жақын қалғанда ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Қараша, желтоқсан сол бір екі ай» деп басталатын өлеңі еске түседі. Аталған өлеңде тоқтаусыз уақытпен ұштасқан қарбалас тіршілік баяндалатынын көзі қарақты оқырманның жақсы білері анық. Сол секілді біздің де жұмысымыз осы екі айда қыза түседі. Себебі аудандық газет оқырмандарын келесі жылға баспасөзге жаздыру жұмыстары ұйымдастырылады.
Сөз жоқ мерзімді басылымдар мемлекеттік саясатты ақпараттандыруда негізгі күш болып есептеледі. Сондықтан аудандағы мемлекеттік мекемелердегі қызеткерлер аудандық газетке тұрақты түрде жазылады. Сәйкесінше, басылым да олардың жұмысын ақпараттандырып, ортақ абырой үшін бірлесе еңбек етіп келеді. Бұл қазақ баспасөзінің ғасырдан астам тарихында бар, тіпті қалыптасқан үрдіс. Осы ретте аудандық газет үшін ауданның білім және денсаулық сақтау саласының алатын орны ерекше. Білім саласында 1200-ден астам оқырманымыз болса, денсаулық сақтау саласының 400 қызметкері – тұрақты оқырманымыз.
Қазан айында нақтыланған мәлімет бойынша аудандық газетке мүлдем жазылмайтын ауданда 12 мекеме және сол мекемеде қызмет атқаратын қызметкерлер бар екен. Редакция тарапынан түсіндірме жұмыстарының жүргізілуінің нәтижесінде аталған 12-і мекеменің 5-і аудандық басылымға жазылды. Оның ішінде аудандық сот және туберкулезге қарсы диспансер, «Халық банк» АҚ аудандық филиалы ұжымына ерекше алғыс айтамыз. Сондай-ақ 93 дана газетке жазылған «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалының Сырдария өндірістік бөлімшесінің жұмысына жеміс тілейміз.Ал жоғарыда атап көрсетілген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың басылым туралы айтқан пайымды пікірін ескермейтін немесе маңызды санамайтын «Қазақстан Темір Жолы» АҚ аудандық филиалы, аудандық жылжымайтын мүлікті тіркеу бөлімі, тікелей облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарайтын жедел-жәрдем қызметі, Тереңөзек электр торабы, ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциялары мен «Қазпошта» АҚ аудандық филиалы бар. Қалғаны айтылмаса да түсінікті...
Бүгінде 80 жылдық тарихы бар аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне аудандағы мектеп ұжымдары түгел дерлік жазылды. Тек Н.Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектеп ұжымы жоспарлы жұмысты орындауға асығар емес. Сондай-ақ кірістер басқармасы мен аудандық ішкі істер, өрт сөндіру, қорғаныс істері жөніндегі бөлімдері, «Шиелі Жарығы» мекемесі жергілікті басылымға түгел жазылып, тұрақты оқырманымыз болуға құлықсыз. Әлі жыл аяқталуға он шақты күн бар екенін ескерер болсақ, аталған мекемелер ұжымы басылымға жыл аяғына дейін жазылуы мүмкін. Қалғаны уақыттың еншісіндегі іс. Біз де ешкімге міндеттемейміз.
Баспасөзге жазылу жұмыстарына аудан аумағындағы егін егумен айналысатын шаруашылықтар да қолдау көрсетеді. Биыл аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев басқаратын «Мағжан және К» серіктестігі аудандық газетке жазылу бойынша көш бастап тұр. Серіктестік 180 дана аудандық газетке жазылды. Мұнан кейін Бердібек Қадіров басқаратын «Шаған-Жер» серіктестігі 52 дана, Оңғар Саймағамбетов жетекшілік ететін «С.Сейфуллин-Жер» серіктестігінің ұжымы 49 дана «Тіршілік тынысы» газетіне жазылғанын атап өту керек. Сонымен қатар Марат Бисенов басқаратын «Ақжарма 2» шаруа қожалығы 30 данаға, Алдаберген Құлбаев басқаратын «Қызылдихан» шаруа қожалығы 30 данаға, Серік Әбжәлиев басқаратын «БАҚ» шаруа қожалығы 30 данаға, Жанарбек Нұрымбетов басқаратын «Ысамаддин» шаруа қожалығы 10 данаға жазылды. Апта ағымында «Мәді Қажы» серіктестігі 70 данаға, «А.Тоқмағамбетов ЛТД» серіктестігі 50 данаға және «Құндызды Май» шаруа қожалығы 50 данаға жазылмақ ниетті. Аталған шаруашылықтар аудандық газетке жазылса, басылым келесі жылдан бастап тұңғыш рет 3500 данамен таратылмақ. Бұл 80 жылдық тарихы бар аудандық газет тарихында бұрын-соңды болмаған жаңалық болмақ.
Кез келген басылымның қолдаушысы да, тірегі де тұрақты оқырман екені анық. Сондықтан аудан тұрғындарын жаңалықтарының жаршысы болған аудандық газетке жазылуға шақырамыз. 80 жылдық тарихы бар аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің есігі оқырмандар үшін қай кезде де ашық.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ