Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАЗБА АҚЫНДАР МҮШӘЙРАСЫ

ЖАЗБА АҚЫНДАР МҮШӘЙРАСЫ


Облыстық саяси қоғамдық маңызды шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қазақтың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтың туғанына 120 жыл толуына орай «Темірбек аға мәңгі есімізде» атты жас жазба ақындардың аудандық мүшәйрасы өткізілді.
Жыр мүшәйрасына өлең өлкесінде қанат қағып жүрген бір топ жас­тар қатысып, бақтарын сынады. Өз дәуірінде қазақ елінің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлғаның азаматтық келбетін, қайсар рухын, ел жандылығын орамды ой, кестелі сөзбен көпке жеткізді. Жерлесіміз Темірбек Қараұлы елімізде көптеген мектептер ашып сауатты, білімді ұрпақ тәрбиеленуіне, қазақтың мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне аянбай атсалысқан қайраткер, өкінішке орай үлкен жүректі азамат солақай саясаттың зардабына ұшырады. Елім деп еміренген ерлерін ел ешқашан ұмытпақ емес.
Жас ақындардың жыр додасына «өлеңге меніңде бар таласым» дейтіндей 12 талапкер қатысты. Олар Қалжан ахун ауылынан Інжу Дүйсенғалиева, Н.Ілиясов ауылынан Гүлзат Аманкелдиева, Жетікөл ауылынан Гүлсая Азаматқызы, С.Сейфуллин ауылынан Бақтөре Айтбаев, аманкелділік Гүлзат Оразова, шағандық Нұржамал Ізбасқанова, шіркейлілік Әзиз Мұстафаев, айдарлылық Аягөз Тұрсынбай, тереңөзектік Ақмарал Қадырханова, Зарина Жарболова және қоғалыкөлдік Балнұр Айқынқызы.
Үш кезеңнен тұрған сайыста көп ұпай жинаған және кестелі сөзі, орамды ойы, ұшқыр ұйқасымен көпке ұнаған Зарина Жарболова жүлделі бірінші орынды иемденді. Екінші орынды аманкелділік талантты ақын қыз Гүлзат Оразова еншіледі. Ал үшінші орынды Гүлзат Аманкелдиева мен Ақмарал Қадырханова өзара бөлісті. Бұл жолы орын алмаса да Інжу Дүйсенғалиева мен Әзиз Мұстафаев өлеңдерінің өресінің биіктеп келе жатқанын көрсетті. Жеңімпаздар дипломдар мен бағалы сыйлықтарға, ал қатысушылардың барлығы «Алғыс хаттарға» ие болды.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
27 ақпан 2018 ж. 2 234 0