Аудан әкімі Jas Otan жастар қанатының аудандағы жетекшісін қабылдады
Сырдария ауданының әкімі, Nur Otan партиясының аудандық филиалының төрағасы Руслан Рүстемов Jas Otan Жастар Қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің басшысы Ақтөре Ибрагимұлын қабылдады.
Қабылдауда аудан басшысына жастар ұйымының атқарып жатқан жұмысы жөнінде мағлұмат берілді. Жетекші партияның жобаларын, стратегиялық мақсат-міндеттері мен бастамаларын жүзеге асыруда Jas Otan ЖҚ-ның алатын орны ерекше екені айтылды.
– Жастық шақ – адамның өзін қайрап, жан-жақты дамытатын уақыты. Сол себепті, ауданның жастарын, оның ішінде Jas Otan Жастар Қанатының белсенділерін жарқын идеялардан рух алып, іргелі істерге ұмтылып, ауданымыздың дамуы үшін еңбек етуге шақырамын. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Мемлекет тарапынан жастар саясатына ауқымды қолдаулар көрсетілуде. Nur Otan партиясы қолға алған праймериз жобасында да жастарға ерекше басымдық берілген. Партиялық тізімдердің құрамында 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 пайыз болуы қажет екені айтылды. Сондықтан жастар белсенділігін арттыру күн тәртібінен түспейді, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде Jas Otan Жастар Қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің басшысы Ақтөре Ибрагимұлы жастар ұйымының жұмыстарына және алдағы жоспарларына тоқталды.
– Бүгінде аудан бойынша Jas Otan Жастар Қанатының 1315 мүшесі бар. 2019 жылы Сырдария ауданында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылған праймеризге жастар ұйымының атынан Жасотандықтар белсенді түрде қатысты. Аудан бойынша 2020 жылға дейін Тереңөзек кентінде және ауылдық округтерде Jas Otan ЖҚ аудандық бөлімшесіне қарасты барлығы 14 бастауыш бөлімше болған. Бүгінде бастауыш бөлімшелер саны 8-ге қысқартылып, жобасы дайындалды. Оның ішінде жақын орналасқан ауылдар біріктірілді. Аудандық бөлімшесінің «Фейсбук», «Инстаграм» әлеуметтік желісінде ресми парақшасы жұмыс жасайды. Парақша арқылы аудандық бөлімшенің атқарып жатқан жұмысы ақпараттандырылуда, – деді А.Ибрагимұлы.
Қабылдау соңында аудан басшысы жастардың ісіне сәттілік тілеп, Еріктілер жылында биік белестерді бағындыруға шақырды. Алдағы уақытта Jas Otan Жастар Қанатының белсенділерімен кездесу өткізілетінін атап өтті. Сондай-ақ карантин талаптарын сақтау бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге басымдық беруді тапсырды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі