Облыс әкімі сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды
Қызылорда облысында карантиндік шектеулер жеңілдегеніне қарамастан ұжымдық, отбасылық іс-шараларды өткізуге шектеу қойылады. Бұл жөнінде Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жергілікті «Qyzylorda» телеарнасының тікелей эфирінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс басшысы осы уақытқа дейін Сыр өңірінде де шектеулерді жеңілдетудің бес кезеңі өткізілгенін айтып өтті. Көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады. Алайда, жеңілдетуден кейін жағдай күрделенуде. Өткен аптада 51 жағдай тіркеліп, апталық өсім 20,4 пайызды құрады.
«Індеттің таралуы ұжымдастар арасында, отбасылық іс-шаралардан және көптің жиналуынан байқалуда. Соңғы кездегі науқастардың көбісінің қайдан жұқтырғанын анықтау қиынға түсуде. Яғни, кез келген адамнан жұғу ықтималдығы жоғары. Қазіргі карантинді жеңілдету кезінде өзара қарым-қатынас артуда. Тұрғындар арасында індетке сенбеушілік және бейқамдық күшеюде. Осыған сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға деген ынта төмендеді. Сондықтан, облыс тұрғындарын күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырамын. Қоғамдық ортада, көпшілік орындарда бетперде тағып жүру, әлеуметтік арақашықтықты сақтау қалыпты жағдайға айналуы тиіс. Сонымен қатар, ұжымдық, отбасылық көпшілік жиналатын іс-шараларды өткізуге шектеу қойылады», - деді облыс әкімі.
Қазір Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 297 адам тіркелген. Оның ішінде 231-і сырқатынан жазылып шықты.