Қауіпті індеттің шарықтау шегінен өттік

Кешегі күннен бастап, яғни 2020 жылдың 11 мамырында елімізде төтенше жағдай аяқталды. Мұны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында мәлімдеді. Өз сөзінде Мемлекет басшысы соңғы айлар еліміз үшін оңай болмағанын, десе де қауіпті індеттің шарықтау шегінен өткенімізді атап өтті. Алайда кейбір өңірлерде жұқпалы дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Осыған байланысты карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатынын жеткізіп, қалыпты жағдайға кезең-кезеңімен көшетініміз белгілі болды. Осы ретте Ел Президенті «Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе» деді. Яғни қауіпті індет жойылып кеткен жоқ. Сондықтан төтенше жағдай аяқталса да сабырлық танытып, сақ болғанымыз абзал.
Мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Мемлекет басшысы ел экономикасын тұрақтандыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Қауіпті кесел экономиканың өсіміне кері ықпал етіп отыр. Сондықтан Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылып, нақты жұмыстар атқарылады.
Карантин талаптары жеңілдетіліп, көптеген салалар мен ұйымдар жұмысы жанданбақ. Осы орайда барлық санитарлық талаптар сақталып, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілу тиіс. Инфекцияның таралуын шектеу үшін тазалық шараларына барынша мұқият болғанымыз абзал. Біршама қиындықты еңсердік. Енді сәл сабырлық танытсақ, бұл қиындықты да толықтай еңсереміз. Түптеп келгенде, біріксек, бәрін жеңетініміз анық.
Жанат НӘЛІБАЕВА,
аудандық мәслихат депутаты