Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында 26-шы адам коронавирус індетін жұқтырды

Қызылорда облысында 26-шы адам коронавирус індетін жұқтырды

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі ахуал мен аймақтағы коронавирус індетін жұқтырған науқастардың жай-күйін баяндады, – деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
«Қазіргі уақытта облыс бойынша инфекция жұқтырғандар саны 26-ға жетті. Оның ішінде Қызылорда қаласында – 6, Жаңақорған ауданында – 16, Қармақшы ауданында – 2, Шиелі ауданында 2 оқиға тіркелген. Қазіргі уақытта Қызылорда, Жаңақорған аудандары карантинге жабылды», – деді облыс әкімі «Хабар 24» телеарнасындағы мәлімдемесінде.
Оның айтуынша, індеттің алдын алу шаралары толық жүргізіліп жатыр.
«Ең алдымен, адамдар мен барлық көлік түрлерінің қозғалысы шектелді. Барлық науқастар инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Вирус тасымалдаушылармен байланыста болған адамдар анықталып, бақылауға алынып жатыр», – деді Г. Әбдіқалықова.
Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, Қызылорда қаласына кіреберіс жолдарға 4 блок-бекеті қойылды.
Бірінші бағыт – Шиелі-Қызылорда автожолы маңында, екінші бағыт – Қызылорда -Жeзқазған автожолы Абай елдімекені тұсында, үшінші – Жалағаш-Қызылорда Қараөзек елді мекені тұсында, төртінші – Тұңғыш Президент атындағы саябақ тұсында қойылған. Әр бекетте 14 әскери қызметші кезекшілікпен жұмыс істейді. Арнайы техника және адам тасуға арналған автокөліктермен қамтылған. Полиция департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары да тәулік бойы карантин тәртібінің сақталуын қадағалайды, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі індеттің таралу қаупі өскендіктен Жаңақорған ауданын карантинге жабылғанын хабарлады.
Облыс әкімі сөзінің соңында аймақтағы дәрігерлер мен полицейлерге, әскери қызметкерлерге алғысын жеткізді.
02 сәуір 2020 ж. 788 0