Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Р.Рүстемов, Сырдария ауданының әкімі : Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды!

Р.Рүстемов, Сырдария ауданының әкімі : Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды!

Қадірлі жерлестер!
Құрметті аудан тұрғындары!
Ауданда сәуір айының бастапқы онкүндігінде коронавирус індетінің таралуы күрт өсті. Оның ішінде, аудан бойынша барлығы 23 науқас тіркеліп, Аманкелді ауылында қатаң шектеу режимі енгізілді. Бүгінде науқастардың барлығы белгіленген хаттамаға сәйкес ем алуда.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қауіпті індеттің алдын алу үшін Сырдария ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес аудан орталығы Тереңөзек кентінде және барлық ауылдық округтерде тәртіп күшейтілді. Сала мамандары мен еріктілер қоғамдық орындарда түсіндірме жұмыстарын жүргізді және күнделікті жалғасуда. Мұнан бөлек аудандық газетте арнайы беттер дайындалып, пікірлер жариялануда, дыбыс күшейткіш құралдар арқылы да тұрғындарға індеттің алдын алу бағытында қабылданған сақтық шаралары насихатталуда.
Өкініштісі сол, әлі де аудан тұрғындары бұл шектеулерге немқұрайлы қарап, бейқамдық танытуда. Көшеде маскасыз жүргендер де бар. Қаулыға сәйкес, азаматтардың негізсіз үйден шығуына және жеке көліктердің қозғалысына шектеу қойылғанына қарамастан автокөліктердің бей-берекет жүруі азаймай отыр. Бұдан бөлек, жасы 18-ге дейінгі және 55 жастан асқан азаматтардың үйден шығуына тыйым салынған. Бұл талаптың да толық орындалмай жатқаны алаңдатады. Осы ретте, жоғарыда аталған Қаулыға сәйкес төтенше жағдай талаптарын орындамаған азаматтарға қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік бар екенін тағы да бір ескертеміз.
Біз бүгінгі күнге дейін аудан аумағында рейдтік түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргіздік. Мамандардың тәулік бойы көз ілмеген кездері де болды. Төтенше жағдайда талапқа бағынбаған бірқатар сауда нысандарының иелеріне айыппұл салынды. Ендігі кезекте бұл жауапкершілік жеке азаматтарға қатысты да қолданылады. Тәртіп бұзған тұрғындардың үстінен хаттама толтырылып, сотқа жолданып, қамауға алынады. Сондықтан карантиндік шектеулерді орындауларыңызды сұраймыз. Сын сағатта әр азамат қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек.
Денсаулық сақтау саласының мамандары қауіпті індетпен күрестің ең тиімді жолы – үйде болу, яғни оқшаулану екенін ескертті. Бұл ескертуге құлақ асып, тәртіпке бағынсақ, қауіпті індеттің таралуы тоқтайды. Сондықтан үйде болып, жағдайды қиындатпау керек. Баршаңызды уақытпен санаспай еңбек етіп жатқан мамандарға құрметпен қарап, заң талаптарын сақтауға шақырамын. Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды!



12 сәуір 2020 ж. 886 0