Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Салада жүйелі жұмыс қалыптасқан

Салада жүйелі жұмыс қалыптасқан

Егін науқаны басталған уақытта сусыз ештеңені жүзеге асыру мүмкін емес. Бүгінде барлық жерде шама-шарқынша егін егіп, жеміс ағашын отырғызған жергілікті халық үшін тіршілік көзінің жеткілікті болуы маңызды. асылында аудан көлемінде орналасқан су айдындарының негізгі құрылымы сан тарапқа бөлінеді. Сырдария өзенінен бөлініп шығатын ауданға қарасты су айдындары қырық мыңға жуық халықтың игілігіне жарайды. Су тапшылығын болдырмау мақсатында құрылымдық ресурстарды реттейтін сала мамандарының жұмысы қай кезде де қауырт.
Осыдан 82 жыл бұрын құрылған ауданның су шаруашылығы саласын­да жүйелі жұмыс қалыптасқан. «Қаз­сушар» шаруашылық жүргізу құ­қы­ғындағы РМК Қызылорда филиа­­лы «Сырдариясушар» өндірістік учас­ке­сінің мамандары тәулік бойы су айдын­дарының басында болып, тіршілік нә­рінің көпшілікке қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Жылдағы жоспар бойынша елді мекендерді қоса алғанда кентішілік су айдындарының картасын сызбаға түсіреді. Кәсіпорынның не­гізгі құрылымына суды пайдалану және реттеу кезінде бірыңғай ғылыми-техникалық, инвистициялық сая­сат­ты жүргізу кіреді. Ең алдымен, су шаруа­шылығын өркендетіп, ағымдағы қызмет түрлерін үйлестіріп, саланы дамыту тетігін ұйымдастыру маңызды. Сала мамандары алдында экономикалық шараларды қарастыра отырып, аудан хал­қына, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге және басқа да су пайдала­нушыларға бекітілген межеде тіршілік көзін уақытылы және кідіріссіз жеткізу міндеттелген.
Учаске теңгеріміне жататын аудан аумағындағы 7 су арнасы 1 қашыртқы, 41,9 шақырым қорғаныс бөгетімен жұмыс жасайды. Қазіргі таңда арнайы қаулыға сәйкес 300 су арнасы мен 77 қашыртқы Сырдария ауданының коммуналдық мүлік деңгейінен респуб­ликалық меншікке берілген.
Кәсіпорында қызмет ететін 74 сала маманы «Әйтек», «Солтүстік жағалау ма­гистральді каналы», «Жетікөл» бө­лім­­шелерінен тарайтын су айдындарына жауапты. Күнделікті суды рет­теу­шілер мен жеткізушілер жоспарға сәйкес әрекет етеді. Дәл қазіргі уа­қытта «Сырдариясушар» өндірістік учас­­ке­сімен келісімшартқа отыруға 102 шаруашы­лықтан өтінім келіп түскен. Оның 65-і келісімшартқа отырып, 21 682 гектар егіс алқабы су жіберу көзделіп отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштің саны артады. Негізінен, күріштің 1 гектарына 24 мың текше метр су мөлшері жұмсалады екен. Ал басқа дақылдарға мамандар бекіткен су мөлшері жұмсалады.
Күнделікті жұмыс барысында Бек­тұр­ғанбек Ысқақов басқаратын ұжым үшін су деңгейін бақылау, жүйелі қам­тамасыз ету, алдын ала бағамдау, суды жеткізу барысын бағдарлау асқан жауапкершілікті талап етеді. Сонымен бірге су айдындарының бөгеттерін қалыпқа келтіру, оны тазалау, арнайы құрылғыны жөндеу, істен шыққан тоспаны жөндеу күнделікті жұмыс жос­­парына енгізілген. Осы бойынша қыз­меткерлер арнайы сызбаның көмегімен әр шаруашылыққа, жергілікті халыққа молшылық пен береке көзін қамтамасыз етеді. Сондықтан да жаратылыс әлеміне жан бітірген тіршілік өзегін барынша қолайлы пайдалануды реттеу қатаң талаппен жүзеге асырылуда.
Күн сайын аға инжинер, гидротехник, тағы да басқа білікті мамандар су арналарының қалыпты деңгейін қадағалайды. «Әйтек» магистралды каналы және шаруашылықаралық каналдары СЖМК-9, СЖМК-11В, «Жеті­көл-Жарма», «Военторг», «Жас-Қай­рат», «Жаңа-Арық» барлығы 140,81 шақырым, Оңтүстік қашыртқы-12 ұзын­дығы 30,2 шақырымды құрайды. Ка­нал­дардың бойындағы 10 су өткізгіш құрылыстары, 10 көтерме су тоспалары заман талабына сай жұмыс жасайды. Аудан бойынша ауылдық округтерге және жеке иелікке қарасты, барлығы 44 көл бар екенін айта кеткен жөн.
Аудан көлемінде су айдындарын тиімді пайдалану, оны реттеу бағытында тынымсыз қызмет атқарып келе жатқан «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінің мамандары экономиканың өсуіне ықпал жасап, экологиялық жағдайды жақсар­туда, су шаруашылығы саласын алға ілгерілетуге зор үлес қосып келеді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
26 мамыр 2020 ж. 393 0