Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдың атымтай азаматы

Ауылдың атымтай азаматы

«Журналист отырып жазбайды, жүріп жазады» дейтін алдыңғы буын ағаларымыз. Сол секілді біз де ауыл-аймақты аралап, үлкен-кішімен пікірлесіп, қоғамдағы оқиғаларды ой елегінен өткізіп, керекті тұстарын түртіп алып жүреміз. Сонда аңғарғаным, біздің өңірде қолдан келсе, мұқтаж жанға көмектесуге дайын тұратын атымтай азаматтар көп. Менің бүгінгі кейіпкерім де көпшілікке тигізген шарапаты мол жайсаң азамат. Ол қарапайым ауыл баласы.
Бірден айтайын, мен Әділбек Прәлиевпен жүзбе-жүз кездескен емеспін. Тіпті телефон арқылы да тілдескеніміз жоқ. Ол да мені тек сырттай тануы мүмкін. Бізді байланыстыратын бір қоғамда өмір сүріп жатқанымыз және бір ауданның тумасы екеніміз ғана. Қалғаны уақыт пен еңбектің еншісіндегі істер.
Қазір әлеуметтік желінің әле­уеті артқан тұс. Менің желідегі жеке парақшаларымда барлығы 10 мыңға жуық тіркелуші бар. Күнделікті желіге кіріп, бір шолып шығамыз. Жақында желідегі мына бір жақсы жаңалықты көзім шалып қалды. Шағандық кәсіпкер аз қамтамасыз етілген 100 отбасыға көмек көрсетіпті. Кәдімгі әлеуметтік көмек. Отбасыларға тұрмысқа қажетті азық-түліктер, яғни ас үйге не керектігінің бәрі берілген. Көңілім жылып, жақсы қабылдадым...
Арада бірнеше күн өтті. Ел-жұрттың мектепке баратын баласы қашықтан оқуға көшіп, білім саласындағы жұмыстар бір жүйеге келтіріліп жатқан кез еді. «Үйінде компьютері, қолында смартфоны жоқ бала не істейді?» деп басында бәріміз ойланған болатынбыз. Артынша министр А.Аймағамбетов мәлімдеме жасады. Бұл істі жергілікті атқарушы органдар атқарады екен. Бірақ бұдан да бөлек мың сан жұмысы бар жергілікті әкімдіктерге жүк артып қоюды жөн санамаған кәсіпкерлер көмекке келді. Олар­дың қатарында жоғарыда есімі аталған Әділбек Прәлиев те бар еді. Оны да әлеуметтік желі арқылы біліп, сырттай сүйсіндік. Нақтысын айтсақ, ол өзі туып-өскен Шаған ауылындағы бір оқушыға су жаңа смартфон алып беріпті. Бұл сыйлыққа көңілі ақ, пейілі пәк оқушы мәз. Ата-анасының да ақ алғысы ақтарылғанын аңғардық. Тағы да көңіліміз жылып, жақсы қабылдадық.
Шаған ауылы аудандағы ең ірі ауыл. Кезінде ауылшаруашылығы саласының білгірі Қожабек Дәдік­баев ағамыз елді мекенді «ауданның орталығы болуы керек» деп іргелі істерге ұмтылған екен. Оны көз көргендерден естіп, кітаптан оқыдық. Бұл ойды кездесе қалсақ мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ұмытпас Байдәулетов ағамыз да жиі қозғайды. Бірақ аудан орталығы болмаса да Шағанның өзіндік орны, мәртебелі төрі бар. Осы ауылға барсаңыз үлкен көпірден өткен бойда Алланың жердегі үйі мешітті кездестіресіз. Іргесі қаланғанына бірнеше жыл болғаны көзге анық көрінеді. Ескілеу мешітті жаңартуға бел буған шағандықтар осыдан бірнеше жыл бұрын игі істі қолға алды. Мектеп бітіру кешіне жиналған түлектер имандылық үйінің қазығын қағып, ауыл әкімдігімен, шаруашылықпен бірлесіп, құрылыс жұмыстарын бас­тап кеткенін көпшілік жақсы біледі. Жақында ауылға барғанымызда сәулетті мешітті көріп, қуанып қалдық. Бұл ауыл халқының бекем бірлігі мен көркем тірлігінің белгісі іспетті. Осы ретте тағы бір жақсы жаңалыққа қанықтық. Ол мешіттің кілем төсеніштерін алуға ауыл тумасы Әділбек Прәлиевтің демеушілік көрсеткені еді. Тіпті ауылдың атымтай азаматы ауыл имамымен бірге Шымкент қаласына барып, керекті заттарды бірге таңдап, бірге әкеліпті. Бұл туралы оның өзі сұрағандарға «Бұл менің азаматтық ғана емес, мұсылмандық та парызым» дейді екен. Иә, туған жерге қалай қызмет істесе де, қандай жанашырлық танытса да жарасады.
«Хадис-шәріптерде «көршісі аш отырып, өзі тоқ болған адам бізден емес» делінеді. «Бір ағзаның мүшелері іспетті» бір-бірімен тығыз байланысты болған мұсылман қауымы қай кезеңде болмасын «бір жері ауырса, бүкіл дене сезетіндей» жанашырлығымен, қамқорлығымен ерекшеленген. Сондықтан мейірімі мен жанашырлығы үйлескен атымтай жомарт азаматтардың көптігі қуантады. Сондай қолы ашық, жүрегі кең демеушілердің атсалысумен жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік жағынан жәрдем көрсетілгені көңілге медеу. Істері берекелі болсын деп тілейміз» дейді ауыл имамы Шәкизада Пірімбетов бізбен әңгімесінде.
Кәсіпкер азамат күнтізбеде қызылмен белгіленген мереке күндері де ауылға арнайы ат басын бұрады екен. Мысалы, ақ жаулықты аналардың мейрамында ауылдағы абзал аналар мен қыз-келіншектерге жасаған ерекше сый-сияпатын тұрғындар зор ризашылықпен қабыл алыпты. Бұл істі ол дәстүрге айналдырған. Атымтай азаматтың сыйлығын алып, қуанышқа бөленген аналардың барлығы ақ батасын беріп, сол бата қабыл болғаны шығар, бүгінде Әділбек Прәлиев басқаратын «Нұр Ади Групп» серіктестігінің жұмысы жемісті. Құрылыс саласына қажетті заттарды сатумен, тасымалдаумен айналысатын серіктестіктің алдағы уақытта да ел-халықтың игілігі үшін нәтижелі істерді атқара беретініне сенім мол.
Осы жазбаны жазып отырып, санама кемеңгер Әбіш Кекілбаевтың «Сұрай берсең – мұқтаж, жылай берсең уайым таусыла ма?! Бардың бағасын білейік» деген орнықты ойы оралып отыр. Иә, расында да қанағат қарын тойғызады емес пе?! Ендеше, өзіңде барды өзгемен бөлісіп, қолдан келсе, көмек қолын созып, мұқтаж жанға көмектесіп, қиналғанда пана бола білетін жүрегі кең азаматтардың барына шүкіршілік етуіміз керек. Шіркін, жігіттердің бәрі Әділбектей әділ, бек болса, еліміздің еңсесі ешқашан түспейді деп ойлаймын. Қалғаны уақыт пен еңбектің еншісіндегі істер. Қорыта айтқанда, «Қайырым жасаған, қайырын көреді» демекші, Әділбек Ермашұлының біз білетін және білмейтін ізгі істері өзіңе сәттілік сыйлап, жақсылықтарға жол ашсын! Біздегі тілек – осы. Өмір кездестірсе, өзіңе де айтармын...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 

21 сәуір 2020 ж. 634 0