Үлгілі іске үн қосты
Қайырымдылық акциясы шаған ауылында жалғасын тапты. Осы ауылдың тумасы жеке кәсіпкер Әділбек Ермашұлы өз қаражаты есебінен елді мекендегі 100 отбасыға азық-түлік жеткізді. Оған қоса, қашықтан оқыту режиміне байланысты тұрмысы төмен отбасындағы балаларды ұялы төлефонмен қамтамасыз етіп, оқушылардың білім алуына ықпал жасады.
– Әрине, сын кезеңінде жұдырықтай жұмылғанымыз абзал. Індет күн санап өршіп жатқаны белгілі. Үйден шықпай, карантинді қатаң сақтауға тиістіміз. Осындай кезеңде халыққа көмек көрсету – азаматтық парызым деп білемін. Қайырымдылық жасаған істерді халыққа жариялауды аса ұната бермеймін. Бірақ ақпараттық заманда, осындай игі істер бар екенін, жақсылықты бәріміз жасауға ниетті екенімізді айтқым келеді. Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасындағы мектеп оқушыларының өз білімдерін жалғастыруда бәрінде бірдей мүмкіндік бола бермейтіні анық. Егер қолымыздан келсе, неге алып бермеске деген ой келді. Сондықтан біздің қазақта «жақсылықты басыңа қыл, басыңнан асса досыңа қыл» деген аталы сөз бар. Бірлігіміз сыналар сәтте, бәріміз бірге екенімізді жеткізгім келеді. Бұл індетті де көп ұзамай жеңетінімізге сенемін, – дейді кәсіпкер.
Аталған шарадан кейін ауыл жастары да ауызбіршілік көрсетіп, халықтан жиналған қаражатқа құрбандық шалып, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізіп, көмектерін көрсетті. Осы тұста жас кәсіпкер Ә.Ермашұлының үлгі боларлық ісі ауылдың белсенді жастарына өнеге болғаны анық. Жас ұстаз Самат Әбілқасымов бастаған белсенді топ та өз жерлестеріне қолдау білдірді. Жомарт жандар елдің ризашылығына бөленді.
Майя ҚОЖАБАЙ