Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстық мәслихат депутаты 250 отбасыға көмек көрсетті

Облыстық мәслихат депутаты 250 отбасыға көмек көрсетті

Сырдария ауданының әкімі, Nur Otan партиясының Сырдария аудандық филиалының төрағасы Руслан Рүстемовтің ұсынысымен #BizBirgemiz акциясы аясында Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясының белсенді мүшесі, белгілі кәсіпкер Расул Есенов төтенше жағдай кезеңінде аз қамтамасыз етілген 250 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті. Оның ішінде әр отбасыға 10 келілік күріш, 2 литрлік күнбағыс майы және 5 келі макарон өнімі таратылды. «Бұл менің азаматтық парызым» дейді жанашыр азамат.
Бұған дейін де Расул Әбутәліпұлының мұқтаж азаматтарға арнап қайырымдылық көмек көрсетіп келе жатқанын жазған болатынбыз. Бірақ бұл жолғы көмектің орны бөлек. Өйткені ел-жұрт бұған дейін мұндай төтенше жағдайды бастан өткерген жоқ. Өкініштісі, қауіпті індет біздің ауданымызға да келіп жетті. Бұл сақтық шараларын күшейтетін уақыт келді деген сөз. Ал мұндай қысылтаяң шақта тек жүрегі ел деп соғатын азаматтар ғана қайырымдылық көмек көрсететіні айтпаса да түсінікті.
Халқымызда «Қайырым жасасаң, қайырын көресің» деген аталы сөз бар. Сол секілді қолдан келсе, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуіміз керек, – дейді бізбен әңгімесінде халық қалаулысы. Айта кету керек, 250 отбасының барлығына бұл көмек ауадай қажет. Өйткені көмекке мұқтаж отбасыларға кіретін табыс көлемі тым аз екен. Оны тізімге енген отбасылар жөнінде ақпараттармен танысу барысында анық аңғардық.
– Қоғам болған соң әртүрлі көзқарас, ұстаным болады. Бірақ бұл жолғы қауіпті індетте бәрімізде ортақ мақсат болуы керек. Ол мақсат індетті бірлесе еңсереміз деген ойдан туындауы қажет. Елбасы мен Президент халыққа осыны айтты. Расында да тәртіп пен талапқа бағынсақ, оқшауланып, үйде болсақ, ауруды тез жеңеміз. Сондықтан мұқтаж отбасылар үйде болсын, қолдан келген көмегімізді алсын деп қайырымдылық көмек көрсету жөнінде шешім қабылдадық. Іс-шараны ұйымдастыруға үлес қосқан Nur Otan партиясының аудандық филиалына алғыс айтамын, – дейді Расул Есенов.
Осы ретте қайырымдылық көмек алған отбасы мүшелерін әңгімеге тарттық. І-топ мүгедегі Бақыт Жайсаңбаев жомарт кәсіпкерге шынайы ризашылығын білдірді.
Қазір әлем халқы қиын жағдаймен бетпе-бет келді. Сақтық шараларының күшейтілгенін баспасөз құралдарынан күнделікті танысып отырмыз. Осындай кезеңде көмек көрсетіп, азық-түлік өнімдерін үлестірген Расул Әбутәліпұлы басқаратын «Углесбыт» серіктестігінің ұжымына алғыс айтамын. Жұмыстарына жеміс тілеймін, – дейді ол.
Иә, ел-халықтың алғысын арқалағанға не жетсін... Қолда барын елмен бөлісуге әзір тұратын Расул Есенов секілді ел азаматтарының осындай адал көңілі мен ақ ниетіне Жаратқан Алла қауіпті індеттің бетін әрі қылып, елімізді аман, жұртымызды есен еткей.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
08 сәуір 2020 ж. 1 084 0