ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ӘЛЕГІ
Қазіргі таңда, әсіресе, жастар арасында өршіп, емі табылмай жатқан дерттің бірі-әлеуметтік желіге тәуелділік. Бүгінде әлеуметтік желілердің дәурені жүріп тұр. Яғни әрбір жастың өз виртуалды әлемі бар. Ол қазір көбіміздің сырымызды да, жырымызды да, барлық мұңымызды да шығаратын орта болды. Тек жастар ғана емес, барлық буын өкілдері ұялы телефоннан бас алмайтыны шындық. «Уақыттың бос өткені-өмірдің бос кеткені» – демекші, қазіргі уақытымыздың жартысынан көбі көгілдір экран алдында, сымсыз байланыстың шеңберінде өтіп жатыр. Бесіктегі баланы жұбатамыз деп әуен қосып, оның тыңдап, тынышталғанына қарап мәз боламыз. Психологиялық тұрғыдан қарастырсақ, ғаламтор, ұялы телефон, желі байланыстарының балаларға кері әсері өте үлкен. Балалар кішкентайынан дамыту, сергіту ойыншықтарына емес, ата-анасының ұялы телефонына ұмтылады. Алғашында ол балаға жай бір жарық беретін не сурет көрсететін зат сияқты қабылданса, кейіннен қызығушылығы сол темірге ғана байланады. Бұл баланың ой-өрісінің дамуына, қоршаған ортаны сезіп білуіне, адамдармен қарым-қатынас жасауына кедергі жасайды. Сонау Зередей асыл әжесінің әлдиін тыңдап өскен Абайлар дана болды емес пе? Ал қазіргінің у-шу әуенін тыңдаған бала дана болары, не шала бала болары белгісіз. Тіптен қазіргі адамдардың барлығы «мылқау» іспетті. Бетпе-бет тілдескеннен гөрі, желі арқылы байланысқанды әлдеқайда оңайырақ көреді. Ұялының ішіне кіріп кетіп, кештің қалай батқанын да білмей қалады. Сол адам тек өз ұрпағын ғана емес, бүкіл заманның санасын улайды. Желіде отырып, бір-бірімен сөйлескенде тілдік нормаға мүлдем мән бермейді, олар үшін бастысы түсініссе болғаны. Қарапайым, «сәлемді» – «слм», «не істеп жатырсың?» – «нест» деп қысқартқан болып, сөздің мазасын қашырады. Ал осының барлығы тілдің шұбарланып, тіл мәртебесінің құлдырауына әкеп соқтырады. Түрлі сайттарда отырып, лақап аттарды иемденіп жалған ақпараттарды таратып өздеріне рейтинг жинайды. Сол арқылы желіде танымал адамдардың қатарына кіреді.
Әлеуметтік желі қызығушылық па әлде тәуелділік пе? Бұл сұрақтың жауабы оп-оңай табылады. Әлеуметтік желі қазіргі таңда – тәуелділік. Қызығушылық деуімізге болар еді,бірақ біз осыдан бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желі енді пайда болған кезде қызыққан едік. Ал қазір біз оған тәуелдіміз. Жай ғана тәуелділік емес, оның шарықтау шегіне шыққанбыз. Далада, көлікте, сабақта, тіпті демалу, тынығу уақытында да ұялы телефондарын құшақтап жататын тәуелділік жасөспірімдердің арасында 95%-да кездеседі. Себепсіз поштаны қайта-қайта тексеру, ғаламторға қажетсіз кіре беру, уақыт өлшемнің жоғалуы, ұмытшақтық, көңіл-күйіңіздің аумалы-төкпелілігі және тағы басқа жағымсыз әрекеттерді бойыңыздан байқасаңыз, онда сізді әлеуметтік желі билейді деген сөз. Ал енді әлеуметтік желінің пайдасы бар ма? Әрине, ғаламтордың жақсы жақтары өте көп: үнемді байланыс құралы, аудио және видеоның қолжетімділігі, ақпарат іздеу және алмасу мүмкіндігі және тағы басқа да артықшылықтары бар. Бірақ ол жастарды қоғамнан оқшауландырады, алтын уақытты өлтіреді. Егер сіз желіні тек пайдаңызға ғана жарататын болсаңыз онда сіздің жетістігіңіз болар еді.
Енді бұл шырмаудан қалай арылуға болады деген сұрақ туындайды. Алдымен салауатты өмір салтына, жүзбе-жүз қарым-қатынасқа көңіл қою керек. Сонымен қатар отбасының да бұл тұрғыдан алатын орны ерекше. Әрбір ата-ана өз баласымен жиі-жиі сырласып, балаға дұрыс жағынан тәрбие берудің маңызы зор. Қорытындылай келе, әлеуметтік желіні тек пайдамызға асырайық, оның ұрпағыңыздың санасын улауына жол бермеңіз. Ең бастысы, шынайы өмір виртуалды өмірден әлдеқайда жақсы екенін ұмытпаңыз. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар беріп отырған ұялының ұясынан шығудың амалын қазірден іздеңіз.
Айгерім Сейілбекқызы,
ҚМУ-дың II курс студенті