Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәрбие тазалықтан басталады

Тәрбие тазалықтан басталады

Газетіміздің өткен нөмірінде жарияла­ғаны­мыздай, ауданда санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру екі айлығы басталды. Аудан әкімінің өкімімен белгіленген тазалық айлығы жасқа да, жасамысқа да зор жауапкершілік жүктейтіні анық. Өйткені, қоғам тазалығы – мәдениетіміздің белгісі.
– Әй, қайтесің оны, лақтыра сал!.. Қатқыл дауыс ойымды бөліп жіберіп, жалт қаратты. Шамамен 6-7 жасар қыз бала балмұздақ па, шоколад па, әйтеуір жеп тұрған тәттісінің қағазын, сусыннан босаған бөтелкесін жерге тастай салды. Оны жел көтеріп әкетті де, жүйткіп бара жатқан көліктің есігіне жабыстыра салды. Ал босаған бөтелке арыққа түсті. Өкініштісі сол, бүлдіршін бұл теріс әрекетін келесі жолы да қайталайды. Себебі анасы солай бағыт-бағдар беріп тұр...
Біз кенттің ең шеткі көшелерінің бірінде тұрамыз. Достық көшесінде 25 үй бар. Кейбір көршілер өз аумағындағы күл-қоқысты тазартуға көңіл бөлмейді. Бұған бірнеше жылдан бері қалыптасып қалғандары да бар. Меніңше, әрбір үй өз аумағы аяқталғанға дейін көше бойын тазалап қойса, ешқандай мәселе болмас еді. Қоқыс та жиналмайды, бей-берекет заттар да шашылмайды. Бұл өзіміз үшін қолайлы болмақ.
Тазалық туралы сөз қозғалғанда кейбіреулер әкімдік атқаруы керек деген жаңсақ пікірді алға тартады. Сосын қоқыс бәрібір тау­сылмайды деп сылтау айтады. Түптеп келгенде, мұның бәрі бос сөз. Тазалыққа бәріміз жауаптымыз. Оның ішінде қоғам тазалығы – ортақ құндылық. Ортақ құндылық болғандықтан ортақ ұстаным да болуы керек. Бұл туралы айтудың өзі артық. Бірақ айтпасақ та болмайды. Мүмкін осыны оқып, бір оқырманның тазалыққа қатысты пікірі, көзқарасы өзгерер. Қалғаны ардың, иманның, тәрбиенің еншісіндегі іс.
Ислам әлемінде өзіндік орны бар атақты Омар халифаның заманында болған оқиға ойға оралады. Әйгілі Омар (р.ғ) халифаның тұсында бір елде жұқпалы індет тарапты. Жолаушылап келе жатқан ол (р.ғ) сол індеті бар елді мекенге жақындағанда, қасындағы біреу:
– Я, халифа, тағдыр өзгермейді, пешенеміздегіні көрерміз, осы індетті елге кірейік, – дейді. Омар (р.ғ) оған ілеспей, ауылды айналып өтеді.
Әлгі адамның қайтадан:
– Тағдырдан қашамыз ба? – дегеніне:
– Біз тағдырдан тағдырға кетіп барамыз! – деген екен. Демек, бұдан түйетініміз, ауру-сырқау, бәле-жала тағдыр болса, одан сақтану да тағдыр. Ең бастысы, адамға таңдау мүмкіндігінің берілуінде. Сол секілді тазалыққа қатысты да өз таңдауымызды жасағанымыз абзал. Өзге біреу қоғамды ластады немесе қоқысты тастай салды екен деп, оған ілесуге болмайды. Өйткені бізде ес, ақыл, түйсік бар. Ендеше, ортақ ұстанымды ұстануға дағдыланғанымыз жөн болар...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
14 наурыз 2020 ж. 592 0