ЕЛ ЕРТЕҢІ – ЖАСТАР
Талапты жастардың тың идеялары мемлекет дамуына қаншалықты ықпал ететінін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Өркениет көшіне ілескен қоғамда алып күш иелерінің қарымды қабілеттері мен батыл қадамдары аға буын салған сара жолды дамудың дара жолына айналдырғаны анық.
Жалпы ел болашағының ертеңі белсенді жастардың қолында екені рас. Мемлекет тарапынан келешегі кемелденген әрбір жасқа зор инвестиция құйылып, игілігін мемлекеттің дамуы негізінде жүзеге асыруы айқын бағдар. Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен биылғы жыл «Жастар жылы» аталған болатын. Аталмыш жыл аясында ауданда “Болашаққа – үміт, жастарға – сенім” атты жастар жылының ашылуы салтанатты түрде кең көлемде өткізілді. Шара барысында аудан активі тарапынан жастарға зор сенім білдірілді. Өз кезегінде, әр саланың белгілі бір деңгейінен көрініп, зор жетістікке жеткен жастар алдағы жоспарымен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Кемел келешектің тұтқасын ұстар жастарға артылар жауапкершілік жүгі ауыр екендігін жеткізді.
Аудан көлемінде 14 пен 29 жас аралығында 11 270 жас бар. Бұлардың қатарында аудан өмірімен біте қайнасып келе жатқан белсенді жастың шоғыры қалыптасқан. Бұл ретте, ауданда жастар ресурстық орталығы жұмыс жасайды. Орталықтың мамандары жастардың әлеуетін көтеру мақсатында түрлі жобаларды жүзеге асырылып, айтулы жылда үн қосуда. Оның ішінде, мәдени-спорттық, тағлымды шаралар ұйымдастырып келеді. Бұл жастар болашағының жарқын болуына себін тигізеді.
Б.ОРДАБЕКОВ