Елдің саяси тұрақтылығы маңызды
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында биылғы жылдың алғашқы 48 сессиясы өтті.
Сессияға халық қалаулылары, аудан әкімі Р.Рүстемов, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, кент, ауылдық округ әкімдері, мәслихаттың жауапты мамандары қатысты.
Сессия жұмысына қарауға ұсынылған бірқатар мәселелер сессия алдында өткен депутаттық фракция және тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында талқыланды.
Кезекті сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша "Ауданда мәдениет саласын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстардың жайы және оны жақсарту шаралары туралы" аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев баяндама жасады.
Бөлім басшысы өз баяндамасында ауданның мәдениет саласында 35 мәдениет мекемелері тұрғындарға мәдени қызмет көрсететін айтты. Салада 246 қызметкер мен жұмысшы бар. Оның 117-і мәдени қызметкерлер, қалғаны жұмысшылар. Сондай-ақ ауданда мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруға 2017-2019 жылдарға бөлінген қаржы, оның игерілуі баяндалды. Жалпы мәдени шараларды өткізуге 2017 жылы 8 млн 500 мың теңге бөлінсе, 2018 жылы 17 млн 554 мың теңге, 2019 жылы 17 млн 974 мың теңге қаржы жергілікті бюджеттен қаралған.
– 2020 жылға арналған аудандық қоғамдық-саяси маңызды шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес мәдени-көпшілік шаралар өтеді. Негізінен іс-шаралар "Волонтерлар" жылы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Кеңес одағының батыры Н.Ілиясовтың 100 жылдығы, қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі, айтыскер ақын Күдері қожаның 200 жылдығына орай ұйымдастырылатын болады, – деді бөлім басшысы Жеңісбек Төрәлиев.
Бөлім басшысы депуттар назарына саладағы өзекті деген, шешімін күтіп тұрған мәселелерді ұсынды және колдау көрсетуін сұрады. Атап айтқанда, аудандық мәдениет үйі ғимаратының шатырын күрделі жөндеуге қаржы қажеттігі, 2015 жылы ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары бойынша 7 шығармашылық ұжымның "халықтық" атақ алғанын, дегенмен осы уақытқа дейін бір ғана "Дала дидары" халықтық мәдени үгіт бригадасына штат бірлігі берілгенін, қалған 6 халықтық ұжымның 12 штат бірлігінің қаржысы әлі күнге шешілмегенін назарға салды. Бұл мәселенің шешіміне қазынадан 30 млн 129 мың теңге қажет. Сонымен қатар Шаған ауылдық мәдениет үйіне дыбыс күшейіткіш аппаратура алуға, Жетікөл ауылдық клубының тозығы жеткен 105 дана театр креслосын жаңартуға қаржылық қолдау туралы мәселенің негізсіз еместігі назарға қойылды. Қаржы мәселесіне қатысты тағы бірнеше ұсыныс енгізді. Яғни аудан бойынша қорғау аймағы белгіленбеген тарихи мәдени ескерткіштердің қорғау аймағын белгілеуге қаржы бөлу сұралды. Биылғы жылы құрылғанына 45 жыл болатын "Құрақтың Досжаны" атындағы халық ұлт аспаптар оркестрі және жергілікті күйші-композитор Сламбек Ысқақовтың 90 жылдығына орай есепті концерт жоспарлаған. Алайда оркестрге 2006 жылы алынған ұлттық музыкалық аспаптардың тозығы жетуіне байланысты жаңасын алуға қаржылық қолдау қажет. Және өткен жылы аудандық мәдениет үйі жанынан "Жастар театры" ашылғаны белгілі. Осыған орай театрға 2 штат бірлігі – режиссер және суретші-декоратор берілу керек. Ол үшін де халық қалаулыларының қолдауы маңызды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша "Аудандық мәслихаттың экономика, өндіріс салалары, ауыл шаруашылығы, құрылыс, коммуналдық шаруашылығы, экология және табиғатты қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның" есебі тыңдалды. Есепті тұрақты комиссия төрағасы Б.Қадыров берді. Сонан соң аудандық мәслихаттың білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік сала, жастар ісі, құқық қорғау, қаржы және бизнес мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы С.Каюпов хабарлама жасады. Тұрақты комиссия алдағы уақытта да ауданның өсіп өркендеуіне, қоғамдық-саяси өміріне қатысып, белсенділігі мен пәрменділігін арттыруға жұмыс жүргізеді.
Сессияның қарауына ұсынылған төртінші мәселемен аудандық экономика және бюжетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров хабарлама жасады. Бөлім басшысы "2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы" аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 23 желтоқсандағы №361 шешіміне өзгерістер енгізу бойынша айтып өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушевтың "Қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жанындағы консультациялық-кеңесші органның өз қызметінің нәтижелері туралы" есебі тыңдалды.
Д.Серікбайұлы пробация есебінде тұратын азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша ақпарат берді.
Сессия жұмысына қатысқан аудан әкімі Р.Рүстемов ауданның бүгінгі таңдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы 29 индикатор бойынша облыста алдыңғы қатарға шыққанын, дегенмен тұрғын үй құрылысы бойынша төмен көрсеткішті биылғы жылы қолға алу үшін құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізу оң шешімін табатынын айтты. Аудан басшысы ауданға қарасты мұнай компаниялармен тығыз байланыс орнату мақсатында келіссөздер жүргізілгенін, шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты инвестиция тарту мәселесін, салық түсімі бойынша жоспарлар жасалғанын тілге тиек етті. Биылғы жылы қоғамдық-саяси шараларды өз деңгейінде атқару, елдің саяси тұрақтылығын басты назарда ұстау, ер бірлігін, ынтымағын сақтауда бірлескен іс-қимылдың маңызы зор екендігіне тоқталды. Халық қалаулыларымен бірге атқарылған жұмыс өз нәтижесін беріп, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға толық мүмкіндік бар екендігін айтты.
Сессия соңында кезекті сессияның жаңа төрағасы ретінде №6 Ғ.Мұратбаев сайлау округінің депутаты Ж.Ембергенов сайланды.
Бибісара ЖАНӘЛІ