Кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда
Бүгінде аудан бойынша кәсіпкерлік саласын дамыту негізі қалыптасып, жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес, халықтың әлеуметтік тұрмыс-ахуалын жақсарту басты орынға қойылған. Сондықтан қазіргі таңда кәсіпкерлікке бетбұрыс жасау маңызды. Кез келген азамат кәсіпкерліктің түпкілікті құрылымын зерттей отырып, табыс көзін арттыруға бейімделу керек. Ауданда бизнес жобаны мақсатты түрде игеріп, өз алдына дербес кәсіп көзін ашуды қолға алған азаматтар қатары жетерлік. Осы орайда кәсіпкерлік саласында өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсек.
Негізінен аудан бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін 2307 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2107-і құрайды. Айта кету керек, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 15 процентке өскендігі байқалады. Бұл ретте 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 447 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, тиісінше жұмыс жасауда. Өз кезегінде аудан кәсіпорындары 5658 млн теңгенің өнімін өндіріп, 3816 адам жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ ауданда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша өткен жылы жүйелі жұмыс жалғасын тапқан. Нақтырақ айтқанда, «Аграрлық несие серіктестігі», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС арқылы құны 462,1 млн теңгенің 156 жобасы несиелендірілген. Аталған бағдарлама аясында стартап жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 200 адамға 86,8 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант берілген. Грантқа қол жеткізген жекелеген азаматтар түрлі бағытта кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтіп, табыс көзін еселеуде. Халыққа тиімді жобаның игілігін өз мүддесіне жаратқандар бизнесін кеңейтуге мүмкіндік алады. Ең бастысы, кәсібін жете меңгеріп, тұтынушыға сапалы қызмет ұсынуда.
Ал «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша өткен жылы құны 152,2 млн теңгенің 38 жобасы кеңестің оң шешімін алып, қаржыландырылған. «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде барлығы 237,7 млн теңгенің 19 жобасына қолдау көрсетілген.
Сонымен қатар несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға жалпы құны 221,2 млн теңге болатын 6 жоба ұсынылып, субсидияланған. Несиенің ішінара кепілдендіру бағыты бойынша құны 13,4 млн теңге болатын 3 жобаға кепілдік ұсынылған. Гранттық қаржыландыру бойынша 10 кәсіпкердің жалпы құны 3,1 млн теңгені құрайтын жобасы қаржыландырылды.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының субсидиялау тетігі шеңберінде өткен жылы нақты жұмыс жүргізілген. Қалжан ахун ауылындағы А.Аяпова жетекшілік ететін «Димаш» фермерлік қожалығы 15,8 млн теңгені құрайтын «Жылқы малын көбейту» жобасы, Аманкелді ауылындағы «Сейдалиев Б» ШҚ құны 3,3 млн теңгені құрайтын «Мал шаруашылығын дамыту (ірі қара)» жобасы, Айдарлы ауылындағы «Қадыр Ата» ШҚ құны 20,0 млн теңгені құрайтын «Мал шаруашылығын дамыту (жылқы)» жобасы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырылған.
Тұрғындардың кәсіпкерлік сауатын арттыру мақсатында жан-жақты бағыт-бағдар беріліп, кәсіпкерлік әліппесі үйретілген. Соның негізінде аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бизнес-Кеңесші» курсын 218 адам, «Бастау-Бизнес» курсын 230 адам оқып, сертификат алған.
Халықтың тұрмысына тікелей әсерін тигізетін кәсіпкерлік саласының күретамырына қан жүгірсе, елдің жағдайы жақсарады. Сондықтан мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін ауқымды қолдаулар жасауда. Осынау игілікті аудан тұрғындары пайдаланса, әлеуетіміз артатыны анық.
Балтабай ОРДАБЕКОВ