Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызмет жауапкершілігі: кемшілікке жол берілмейді

Қызмет жауапкершілігі: кемшілікке жол берілмейді


Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Алдымен, аудан басшысы Ғ.Қонысбекұлы Қалжан ахун елді меке­ніндегі дария бөгетінің бұзылуына орай төтенше жағдай жарияланғанынан хабардар етіп, бөгетті қалпына келтіру жұмыс­тарында ауызбірлік таныту арқасында қиыншылықтар еңсерілгенін жеткізді.
Аппарат мәжілісіндегі бірінші мәселемен «Сырдария ауданы бойынша жастар саясатын жүзеге асыру барысы туралы» аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы З.Алтынқожаев, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е.Әбілдаев хабарлама жасады.
Ауданда жастар саясатын жүзеге асыратын «Жастар ресурстық орталығының» жұмысын тексеру қорытындысы таныстырылып, орын алған кемшіліктерге орталықтың директоры Е.Жақып түсініктеме берді.
Былтырғы жылы жаңадан құрылған орталықтағы 7 қызметкер ауданда жастар саясатын жүргізумен айналысуға міндетті. Тиісінше бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, мақсатты жұмсап, іс-шаралар ұйымдастырып, өткізуі тиіс. Барлық ауылдық округтердегі жастар саясатын жүргізуге жауапты мамандармен тығыз байланыс жасап, жастар мәселесіне, олардың жұмысқа орналасуы олардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру бойынша нақты т.б көмек көрсетілуі тиіс.
Алайда орталық қызметкерлерінен мұндай тиянақтылық, орындаушылық қабілет байқалмаған. Сондықтан мұндай кемшіліктер үшін орталық жұмысына нашар баға қойылып, белгіленген мерзім ішінде кемшіліктерді жоюға аудан басшылығы тапсырма берді.
Екінші қаралған мәселе, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының орындалуы туралы» аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров хабарлама жасады.
Бағдарламаның үш негізгі бағыты бойынша атқарылған жұмыстар, атаулы әлеуметтік көмектің берілуі, «Өрлеу» шартты ақшалай көмек жобасын іске асыру нәтижесі баяндалды. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап тағайындалған жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің берілуі түсіндірілді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша бүгінгі күні 7091 адамның мәртебесі нақтыланған. Алдағы уақытта бейресми жұмыспен қамтылғандарды заңдастыру жұмыстары жүргізілмек.
Сонымен қатар мәжілісте «2017-2018 жылдары жылу беру маусымының өту барысы туралы» аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бақтияр хабарлама жасады. Аудан көлемінде ақпан айының басында жүргізілген тексеру нәтижесінде кейбір әлеуметтік нысандарда жылу жеткіліксіз беріліп тұрғаны анықталған. Ғимараттың жылу деңгейі туралы ақпараттардың кей жағдайда шындыққа сәйкес келмейтіні орын алған. Аудан әкімі жылу беру маусымына тыңғылықты дайындалып, жеткілікті отын мөлшері қамтамасыз етілгенде, мұндай келеңсіздікке жол берілуі заңсыздық екенін айтты. Сондықтан барлық әлеуметтік нысандар балабақшадан бастап, мектеп, мәдениет үйі, әкімшілік ғимараты, емдеу орындарының іші жылы болуға тиіс. Бұл мәселе ұдайы бақылауда болатындығы ескертілді.
Мәжілісте қаралған төртінші мәселемен «Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің 2017 жылы атқарылған жұмыстары мен 2018 жылға арналған міндеттері туралы» бөлім басшысы Ж.Төрәлиев баяндама жасады. Халыққа мәдени қызмет көрсету саласында сала қызметкерлері ақылы қызмет көрсетуде кемшіліктер жіберіп, бірнеше мәдениет мекемелері жоспарды орындамаған. Бұл өз кезегінде мекеменің қажеттілігін өтеуге кедергісін келтіреді. Себебі ақылы қызмет арқылы түскен қаражат мекеме мұқтажын шешуге жұмсалуы тиіс. Үстіміздегі жылы аудан көлемінде өтетін мәдени-көпшілік шаралар ауданның – 90 жылдығына арналады. Сондықтан аудан халқына ұсынылатын барлық мәдени шаралар көпшіліктің көңілінен шығатындай болып өтуі тиіс. Ол үшін ауданда еңбек ететін өнер ұжымдары жеткілікті.
Аппарат мәжілісін қорытындылаған аудан әкімі Ғ.Қазантаев ауыл әкімдері мен мекеме басшы­ларының іскерлік қабілеті сыналатын сәттің кел­генін, әрбір қызметті жауапкершілікпен атқарып, халықтың ықыласына шынайы бөлену қажеттігін айтты. Біліксіз маман саланы құрдымға жібереді. Ал бүгіннің талабы сапалы білім, ізденіс, нәтиже. Сондықтан ыждағатсыздық, немқұрайлылық абырой әпермейтіндігі тағы да қатаң ескертілді.

Б.Жанәлі
14 ақпан 2018 ж. 974 0