Ел бақыты – Тәуелсіздік
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін еліміз әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қосылды. 28 жыл ішінде Тәуелсіз елді қалыптастырып, нарықтың қиындығынан аман өткізген, сөйтіп Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер мойындайтындай деңгейге жеткізген Тұңғыш Елбасының ерен еңбегі екендігін атап өтуге тиіспіз. Тәуелсіздік күні еліміздің барша азаматтары үшін орны ерекше мереке.
Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектеп пен кент мәдениет үйінің қызметкерлері бірлесіп, «Ел бақыты – Тәуелсіздік» атты мерекелік кеш өткізді. Сахна шымылдығы әуез пәнінің мұғалімі Тимур Құсайнов жетекшілік ететін мектеп оқушыларынан құралған «Сырлы саз» оркестрінің орындауындағы «Тепеңкөк» күйімен түрілді. Мұнан соң мектеп оқушысы республикалық ән байқауының лауреаты Жаннұр Айтбай оркестрдің сүймелдеуімен «Ұлы Отан» әнін нақышына келтіре орындады. Келесі кезекте жас талапкер ақындар Жәния Аманбекова, Нұрай Қуанышбаева, Зейнеп Тойлыбайқызы, Мэлс Мақсат егемендік тақырыбына арналған жырларын тебірене оқыды.
Мерекелік концерттік бағдарлама барысында кішкентай мектеп оқушысы, республикалық байқаудың лауреаты Ернар Дүйсенбай орындаған Дина Нұрпейісованың «Науысқы» күйі көпшілік көңілінен шықты. Кеш барысында мектеп директоры Ә.Көшербаева бастап, кештің құрметті меймандары аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, ардагер-ұстаз Б.Әбілпаттаев, аудандық газеттің жауапты хатшысы Ш.Нұрсейітов және аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Асықбаев сахнаға көтеріліп, ұстаздарға, ата-аналарға және оқушыларға Тәуелсіздік туралы ыстық лебіздерін жеткізді. Әуез пәнінің мұғалімі Үміт Ерназар жетекшілік ететін оқушылар хоры орындаған «Тәуелсіздік – ел тірегі», «Қазақстаным» әндері көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Үлгі бізге аталардың ерлігі,
Ұлағаты, өнегесі еңбегі.
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары,
Бүгінгі ұрпақ – болар елдің ертеңі, – дегендей ,мерекелік кеш соңында республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты Жомарт Наршаев «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқтап, зал іші ду қол шапалаққа көмілді. Осылайша оқушылар ұлық мерекеде әсем ән шырқап, өздерінің туған елге деген сүйіспеншілігін жеткізді.